Министр: Сауда желілеріндегі тауардың 70 пайызы — отандық азық-түлік
Сауда орындары сөрелеріндегі тауарлардың 70 пайызы - отандық өнім. Бұл туралы Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев айтты, деп хабарлайды Kazinform.
Бүгін Мәжілісте өткен баспасөз мәслихатында тілшілер министрден Қазақстандағы дүкен сөрелерінде Беларусь және Ресей тауарларының қаншалықты көбейгені туралы сұрады.
Өз кезегінде А. Шаққалиев осы аптаның басында ведомство бұл мәселеге талдау жасағанын айтты.
«Тауар сатылатын желілерге тоқталсақ, сауда орындары сөрелерінде 60-70 пайызға дейін отандық өнім бар. Кей тұрғындар „дүкендерде Беларусьтің сүт және шұжық өнімдері қаптап кетті“ деп айтып жатады. Мұндай жағдай рас болса, оның нақты себебін қарау керек. Яғни, осы өнімнің сапасы жоғары немесе бағасы төмен болуы мүмкін. Егер шетелдік өнімнің құны тым төмен болса, сондай-ақ онда таңбалау мен құрамы жағынан, қауіпсіздік тұрғысынан сәйкес келмейтін деректер анықталса, біз тиісті бақылау жасаймыз», — деді ведомство басшысы.
Оның айтуынша, дүкен сөрелерінде көршілес елдердің өнімдері шамадан тыс көбейіп кетті деген мәлімет келіп түспеген.
«Жылдың басында тиісті штаб құрылған. Онда осы салаға қатысты мәселелер егжей-тегжейлі қаралады. Біздің қауіпсіздік әрі сапа жағынан тыңғылықты тексеруге мүмкіндігіміз бар», — деді Арман Шаққалиев.