Министр ШҚО-дағы бас экологтың ұсталуына қатысты пікір білдірді

Фото: Фото: primeminister.kz

Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Шығыс Қазақстан облысының бас экологының ұсталуына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Kazinform.

«Бізде осы жайында нақты ақпарат жоқ, тергеу органы бұл мәселені қарап жатыр. Алдағы уақытта қамауға алу себептері туралы ақпарат аламыз деп үміттенемін», - деді Е. Нысанбаев Сенаттағы парламенттік тыңдаудан кейін тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Оның айтуынша, қазір тиісті органнан ресми растайтын мәліметті алмаған.

«Бұл ақпарат БАҚ-та таралған еді, бірақ біз экология департаменті директорының ұсталғаны туралы ресми расталған мәліметті әлі алған жоқпыз. Бүгін ресми ақпарат алғаннан кейін, белгілі бір шараларды қабылдаймыз», - деп нақтылады министр.

Айта кетейік, бүгін түске дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Арман Тілеукенов ШҚО Экология департаменті басшысына қатысты сотқа дейінгі тергеу басталғанын растады.