Министр солтүстік өңірлер мен ШҚО-ны газдандырудың 2 нұсқасын атады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Эгнергетика министрлігі еліміздің солтүстік өңірлері мен Шығыс Қазақстан облысын газдандырудың екі нұсқасын қарастырып жатыр. Бұл туралы бүгін Сенаттағы Үкімет сағатында ведомство басшысы Болат Ақшолақов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Солтүстік өңірлерді және Шығыс Қазақстан облысын газдандыру бойынша министрлік 2 нұсқаны қарастырып жатыр. Біріншісі - Ресей Федерациясынан газдандыру. Бұл нұсқа қазақстандық-ресейлік жұмыс тобы аясында қарастырылуда. Министрлік әкімдіктермен бірлесіп, газдандырудың нұсқаларын қарау үшін тұтынудың шамадағы көлемін анықтап, ресейлік тарапқа жолдады», - деді министр.

Оның айтуынша, газ құбырының оңтайлы бағдарлары да анықталған. Атап айтқанда ұзындығы шамамен 1 000 шақырым болатын газ құбыры Барнауыл – Рубцов – Семей – Өскемен Павлодар қаласында, ал ұзындығы шамамен 644 шақырым болатын құбыр Есіл – Петропавл – Көкшетау – Нұр-Сұлтан қаласына тармақталады.

«Бүгінгі таңда ресейлік тарап есептеулер жүргізуде. Оны осы жылдың екінші тоқсанда күтіп отырмыз. Сондай-ақ біз ШҚО мен солтүстік өңірлерді Ресей Федерациясынан сұйытылған табиғи газды жеткізу арқылы газдандыру нұсқасын зерттеудеміз. Бұл ретте, ол үшін компримирлеу мен қайта газдандырудың тиісті инфрақұрылымын салу, және құрылысқа тиісті инвестициялар салу талап етілетінін атап өткен жөн», - деді ол.

Министрдің атап өтуінше, аталған өңірлерді газдандырудың баламалы нұсқасы ретінде көгілдір отынды «Сарыарқа» магистральдық газ құбырынан беру де қарастырылып отыр.

«Қазіргі таңда «АстанаГаз ҚМГ» АҚ Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарын газдандыруды көздейтін «Сарыарқа» МГҚ-ның 2-3-кезеңдерін салу бойынша техникалық-экономикалық негіздемені түзетті. Мемлекеттік сараптаманы алудың күтілетін мерзімі – осы жылдың маусымы. «АстанаГаз ҚМГ» ақпаратына сәйкес, материалдардың қымбаттауын ескере отырып, ұзындығы 483 шақырым болатын «Сарыарқа» МГҚ-ның 2-3 кезеңдерін салу құны шамамен 165 млрд теңгені құрайды», - деді Болат Ақшолақов.