Министр: Ұшақтағы орын санынан көп билет сату – әлемдік тәжірибе
АСТАНА. KAZINFORM – Көлік министрі Марат Қарабаев ұшақтағы орын санынан артық билет сату тәжірибесі туралы өз пікірін білдірді.
«Әуе компаниялары ұшақтағы орын санынан көп билет сатады, салдарынан кей жолаушылар ұша алмай қалады. Бұл жұмысты қандай да бір жолмен реттеу мүмкін бе?» - деп сұрақ қойды тілшілер Үкіметте.
Өз жауабында министр мұның халықаралық және әлемдік тәжірибе екенін, ешбір елде шектеу қойылмағанын айтты.
«Мұнда бірнеше билет артығымен сатылады және іс жүзінде кей жолаушылар бортқа тіркелмейді. Сондықтан, әлемнің барлық компаниялары, оның ішінде қазақстандық компаниялар да осындай тәжірибені қолданады. Тұтастай алғанда, мен мұның орынды екенін қарастыруға болады деп ойлаймын, алайда жан-жақты зерттеу керек болады. Мұнда сала блогерлері және біздің азаматтар жекелеген бұзушылықтар үшін айыппұлды көтеру бастамасын ұсынуда. Иә, әуе компаниясына айыппұлды көтеруге болады, бірақ компания бұл айыппұлды төлеу үшін билет бағасын қымбаттатуы мүмкін», - деді Көлік министрі М. Қарабаев.
Сондықтан министр бұл тақырыпты депутаттармен әрі қарай талқылайтынын айтуда.
«Біз бұзушылықтың жекелеген түрлері үшін тек әуе компаниясына емес, оның бірінші басшысына да әкімшілік айыппұл салуды талқылаймыз», - деді Марат Қарабаев.