Министр жаңа Бюджет кодексі салаға қандай өзгеріс әкелетінін айтты

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Үкімет отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров жаңа Бюджет кодексі салаға қандай өзгеріс әкелетінін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айтуынша, жаңа Бюджет кодексі қолданыстағы бюджет жүйесіне негізделеді және мынадай:

- бюджеттік рәсімдерді оңайлату;

- бюджет саясатының шекті параметрлері туралы негіз қалаушы нормаларды бекіту;

- Ұлттық қор қаражаты есебінен қаржыландырылатын шығыстардың нысаналы мақсатын айқындау;

- бюджет қаражатын басқарудан нәтижелерді басқаруға көшу және т.б.

Бюджет процесін бюрократиядан арылту жөніндегі заң жобасының ережелерін жаңа Бюджет кодексіне интеграциялау ұсынылады.

Министрдің мәліметіне қарағанда, бизнеске қойылатын реттеуші актілер қайта қаралып жатыр.

«Бүгінгі күні кәсіпкерлік субъектілері қызметінің 29 саласынан мемлекеттік органдар 6 салада талдауды аяқтады.

Талдау қорытындылары бойынша 6 салада 21 мыңнан астам талап анықталды, олардың шамамен 16,5 проценті жаңа реттеушілік саясаттың базалық шарттарына сәйкес келмейді және олардың күші жойылады немесе қайта қаралатын болады.

Қалған салалар бойынша жұмыс кестеге сәйкес жалғасуда және 2023 жылдың соңына дейін аяқталады», - деді Ұлттық экономика министрі.


Фото: t.me/KZgovernment