Министр жаңа су тарифіне қатысты түсінік берді

Фото: Фото: gov.kz

АСТАНА. KAZINFORM – Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов суды пайдаланудың жаңа тарифіне қатысты пікір білдірді.

«Тариф саясатын Ұлттық экономика министрлігі айқындайды. Ал ұсыныстар жергілікті атқарушы органдардан келіп түседі. Тарифтік саясат 4 позицияға бөлінді, яғни егер адам суды нормадан көп тұтынса, бекітілген тарифке сәйкес көбірек төлейді. Бұл қалыпты тәжірибе, біз суды үнемдеп қолдануды үйренуіміз керек», - деді Нұржан Нұржігітов Мәжілісте өтіп жатқан «Республикадағы сарқынды суларды қайта пайдаланудың проблемалары мен перспективалары» атты дөңгелек үстелден кейін БАҚ өкілдерінің сауалына жауап бере тұрып.

Сондай-ақ, журналистер министрден «Тарифтің өсуі тауарлар мен қызметтердің бағасына кері әсер етпей ме?» деп сұрады.

«Тарифті белгілеген кезде жан-жақты қаралатын шығар. Шынымды айтсам, біздің министрлік тариф бағасын қоюмен айналыспайды. Бұл Ұлттық экономика министрлігіне қарайтын сұрақ», - деп жауап берді ведомство басшысы.

Бұған дейін елімізде суды үнемдеп тұтынудың жаңа тарифі енгізілгені туралы хабарлаған едік. 

Министрдің айтуынша, аталған бұйрық 11 ақпанда күшіне енді. Бекітілген бұйрықта суды тұтыну лимитін 4 деңгейлі тарифпен белгілеу көзделген.