Министр жауапкершілік алудан қорықпайтын, табанды болуы қажет

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген мәжілісі өтіп, онда Қазақстан Президентінің «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» тақырыбындағы жолдауынан туындайтын басты мақсаттар мен міндеттер кеңінен талқыланған болатын. Айта кетерлігі, алдымен Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев сөз сөйледі.

«Үкімет саяси реформаны Сіздің тапсырмаңызға сәйкес іске асыруды бастады. Осыған орай мемлекеттік билік тармақтары арасында өкілеттікті бөлу бойынша тиісті заң жобасы дайындалып жатыр. Сонымен қатар ЭКСПО-2017 көрмесіне де әзірлік жұмыстары аяқталуға жақын. Халыққа жасаған үндеулеріңізде берілген тапсырмаларыңызды бұлжытпай орындау -жұмысымыздың ең басты міндеті. Үкімет Сіздің сеніміңізді жоғары  бағалайды және Сіздің алдыңыздағы үлкен жауапкершілікті барынша сезінеміз», - деді Премьер-Министр.

Мұнан кейін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов, Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов, Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов, Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек өздері басқаратын салаларға қатысты өткен жылғы атқарылған жұмыстардың қорытындысы жайында есеп берсе, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов, Алматы облысының әкімі Амандық Баталов, Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов өңірлерде атқарылған істер жайында баяндады. Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев еліміздің қаржылық ахуалына қатысты есеп берді.

Мәселен, Ұлттық экономика министрі 2016 жыл жаңа сыртқы және ішкі жағдайларға бейімделу тұрғысынан еліміздің экономикасы үшін сындарлы сәт болғанын атап өтті.

«Энергия ресурстарына бағаның құбылуы жоғары болғандықтан және тұтынушылық белсенділік төмендегендіктен экономикалық белсенділік баяулады. Егер өткен жылдың алғашқы бес айы ішінде жалпы ішкі өнімнің төмендеуі байқалса, Сіздің бастамаңызбен қабылданған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы мен Дағдарысқа қарсы жоспар шеңберіндегі шаралардың арқасында екінші жартыжылдықтан бастап өсу қайта жанданды. 2016 жылдың қорытындысы бойынша жалпы ішкі өнімнің өсуі бір пайызды құрады», - деген министр ағымдағы жылдың қорытындысында жалпы ішкі өнім өсімі 2 пайыздық деңгейде күтілетіндігін айтты.

Ал Асқар Мырзахметов еліміздің аграрлық саласы үшін өткен жыл аса табысты болғандығын атап өте келе өнімдер өндірісінің өсімі 5,5 пайызды  құрағандығын, 23,7 млн тонна астық бастырылғандығын көкөніс және бақша өнімдерінің түсімі 5,8 млн тоннаға жеткенін тізіп шықты.

«Сіздің тапсырмаңыз бойынша өткен жылы 15 мың жеке шаруа қожалығын қамтумен 157 кооператив құрылды. Олардың базасында жүзден аса сүт қабылдау пункттері мен жеті мың отбасылық мал азықтандыру алаңдары ұйымдастырылды», - деді ол.

Жеңіс Қасымбек болса, Жолдауда көрсетілгендей өнеркәсіп өндірісінің тұрақты өсуін қамтамасыз ету үшін төртінші өнеркәсіптік революция элементтерін жаппай енгізу керектігін айтты.

«Бұл үшін, әлемдік жетекші компаниялармен серіктесе жұмыс істейміз. 2017 жылы жаңа экономиканың элементтерін кешенді қолдануға әзір өңдеу секторы анықталатын болады. Аталған секторларда Индустрия 4.0 технологиясын енгізу жөніндегі пилоттық жобалар жүзеге асырылады. Алдағы уақытта бұл тәжірибе басқа да кәсіпорындар мен өнеркәсіп секторларында қолданылатын болады. Төртінші индустрия элементтерін енгізу кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігінің маңызды факторы ғана емес, ол Қазақстанға теңізге тікелей шығар жолының жоқтығы, ішкі нарықтың тарлығы, білікті мамандардың тапшылығы сияқты факторларды жоюға мүмкіндік береді», - деді министр.

Кеңейтілген мәжілісті қорытындылаған Мемлекет басшысы Үкімет мүшелерінің алдына нақты тапсырмалар жүктеді. Мәселен, Елбасы жекешелендірудің қарқыны баяу жүргізіліп жатқандығын сынады және Үкіметке «Yellow pages» қағидасына сәйкес мемлекет меншігінде қалуы тиіс ұйымдар мен кәсіпорындардың толық тізімін дайындауды тапсырды.

«Егер де ұйым мемлекеттік мүлік құрамында сақталса, онда осы нысан не үшін қалып отырғанына нақты түсінік беріңіздер. Неден қорқамыз? Осы тізімге енбегендердің барлығын жекешелендіру керек немесе 2020 жылға дейін жою қажет. Бұдан бұрын бекітілген жекешелендірудің кешенді жоспарын 2020 жылда емес, 2017-2018 жылдары жүзеге асыру керек, яғни екі жыл уақыт беріліп отыр», - деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Президент министрлер дербес шешім қабылдауда жауапкершілікті мойындарына алудан қашқақтайтындығын ашып айтып, мұндай табансыздықтан арылуы қажеттігін қатаң ескертті.

«Әрбір басшы жауапкершілікті сырғытпай өз мойнына алуы керек. Біз бұл туралы ана жылы Үкіметті қайта ұйымдастырғанда айтқанбыз. Вице-премьерлер, министрлер санын қысқартқанда айттық. Әр министр өзі бұйрық шығарады, өзі соны орындайды, өзі жауап береді. Бюджетке қазірден бастап кірісесіңдер, әр министрлікке, әр өңірге ақша бөлінеді. Соны аламыз деп тырмысып қаншама жұмыс істеп, дәлелдедіңдер, алдыңдар. Енді соның бәрін алып ұқсатыңдар, жеткізіңдер. Содан кейін жауап беріңдер. Мәселе сонда. Жауапкершілік сондай. Бірақ, қарап отырсаң, Абай айтқандай «Баяғы жартас, бір жартас». Бәрібір министрлер келеді де Премьер-Министрге  хат жазады, маған жазады. Вице-премьерлер бар, оларға хат жазады. Өзіне жауапкершілік алмайды. Ондай қорқақ болсаңдар мұндай жұмысқа неге келесіңдер? Басқа жерге  барыңдар. Қағазға қол қоймайтын жұмыстар бар, орынбасарлар бар. Бизнеске барыңдар», - деді Елбасы.

Мұнан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев Индустрияландыру аясында 150 млрд. теңгеге салынған 72 кәсіпорынның әлі күнге дейін өз қуатында өнім шығара алмай отырғандығын айтты. Бұл ретте Инвестициялар және даму министрлігімен өндірісі өрбімей отырған нысандар бой көтерген облыстардың басшыларына бұл жұмыстарды бір ыңғайлауды тапсырды. Ауыл шаруашылығы саласына бөлінетін субсидия төңірегінде де түйткілді жайттардың көп екендігін алға тартып, Бас прокуратура мен Есеп комитетіне  бөлінген қаржының қалай кәдеге жаратылатындығын тыңғылықты тексеруді тапсырды.

«Мұның барлығы да саланың әлі күнге дейін тиімсіз басқарылатындығын көрсетеді. Асқар Мырзахметовке жүктелген тапсырмаларды қамтамасыз етуді, жағдайды түзеуді тапсырамын. Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың негізгі бағыттарын біз бірге анықтадық. Солай ғой. Бекіттік, айттық. Бұған қоса, астықты үш өңірдің әкімдерімен проблемалы агрохолдингтер бойынша келісілген шешімді 1 наурызға дейін әзірлеуді тапсырамын. Бұл «ҚазЭкспоАстық» пен «Иволгаға» қатысты. Не істеу керек? Қараңдар, шара қолданыңдар», - деді Мемлекет басшысы Ауыл шаруашылығы министріне қарата.

Қазақстан Президенті «СК-Фармация» компаниясы төңірегіндегі былықтарды да тексеру қажеттігін айтып, Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановқа нақты міндеттер жүктеді.

«Қазір фармфабрикалар саламыз деген бизнесмендер келеді, жібермейді. Жер бермейміз, тапсырыс бермейміз, дәрілеріңді сатып алмаймыз деп айтады.  Себебі ана жақтан, Австралиядан, Америкадан келісімшарт жасап қойдық. Міне осы келісімшарттың артында біреулер тұр. Содан пайда алып отыр. Отандық фармацевтика саласын дамытқысы келмейді. Біз осыны сындыра аламыз ба, жоқ па? Қазір «Фармацияда» отырғандардың бәрін қуып жібер. Жаңа адамдар қойып, ақшаның қайда жұмсалатынын шешіңдер. Жаңа адамдар алыңдар. Мен мұны бірнеше жыл бойы айтып келемін. Ештеңе шықпай жатыр. Орнынан қозғау мүмкін емес, біреулер отыр.  Оларды кім қолдайды? Біртанов, бұл үшін сен жауап бересің», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Отырыс қорытындысында Елбасы бірнеше айдан кейін елордамызда «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі өтетіндігін ескеріп, көрмеге арналған нысандарды кейіннен қандай мақсаттарға пайдаланатындығымызды қазірден бастап шешіп алу қажеттігін ескертті.

 

Сағынтаев Үкімет мүшелеріне тапсырмалар жүктеді

Осы аптада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдау арнаған болатын. Осыған орай, аптаның сейсенбісінде Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев Министрлер кабинеті мүшелерінің басын қосып, олардың алдына нақты тапсырмалар жүктеді.

Атап айтқанда, Премьер-Министр Ақпарат және коммуникациялар министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын әзірлеуді және заңнамалық өзгерістерді дайындауды жеделдетуді тапсырды.  Сонымен қатар 2020 жылға дейін ауылдарды талшықты-оптикалық желілерге қосу мәселесін ерекше бақылауға алу қажеттігін атап өтті.

Премьер-Министрдің айтуынша, инновацияларды қолдау және оларды өндіріске жылдам енгізу де өзекті болып табылады. Осыған байланысты ЭКСПО-ның инфрақұрылымдық базасында халықаралық IT-стартаптар технопаркін құру қажет.

«Біз бұл технопарктің бүкіл дүние жүзінен кәсіпкерлер мен инвесторларды тартуы үшін платформаға айналуына қол жеткізуіміз керек. Ол үшін сәйкес инфрақұрылым мен қолайлы жағдайлар жасалуы тиіс», - деді Б. Сағынтаев.

Бұл ретте Премьер-Министр ақпарат, ұлттық экономика және қаржы министрліктеріне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесе отырып технопарк құру мәселесін және салық жеңілдіктері, жеңілдетілген виза және еңбек режімі түрінде заңнамалық қолдау көрсету мәселесін пысықтауды тапсырды. Сонымен қатар ол қазақстандық тауарларды шетелдік нарықтарға ілгерілету кезінде сауда кедергілерін мониторингілеу және жою бойынша жұмысты жандандыру керектігін атап өтті. Осыған байланысты Инвестициялар және даму министрлігіне сәйкес ұсыныстар, оның ішінде Үкімет жанынан Экспорттық саясат жөніндегі кеңес құру бойынша ұсыныстар енгізу тапсырылды.