«Министрдің қуанышы мұғалімге жұбаныш бола ма?» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 19 маусым.  ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 19 маусым,  сейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

«Егемен Қазақстан» басылымының жазуынша, «Астана - Достастық елдерінің мә­дени астанасы» жылына арналған фо­румның алғашқы күні көптен көріс­пеген ежелгі достар бір-бірімен ой бөлісіп, біраз түйткілдің шешімін табу­ға атсалысса, ертеңіне елордадағы айтулы оқу орнына бас сұғуында үлкен мән бар. Қонақтармен жеке-жеке таныстырып өтетін болсақ, ТМД-ға мүше елдердің мемлекетаралық гума­ни­тарлық ынтымақтастық қоры бас­қармасының төрағасы, әнші Полад Бюлбюлоғлы, қор басқармасының тең төрағасы Михаил Швыдкой, Әзер­бай­жан Мәдениет және туризм министрі Абулфас Караев, қордың атқарушы директоры Армен Смбатян, КСРО және Молдова халық әртісі Михаил Мунтян, Молдова Республикасы Музыка, театр және бейнелеу өнері академиясының ректоры Виктория Мельник, Баку Музыка академиясының ректоры Фархад Бадалбейли. Осы айтулы Достастық елдері арасындағы мәдени қарым-қатынасқа тың серпін берген форум жайында  «Жемісті жұмыс, әсерлі кездесулер» атты мақаладан білесіздер.

Таяу күндері Қазақ елінің тәуелсіз дипломатиясы құрылуының 20 жылдығы атап өтіледі. Өткен екі онжылдықта Отанымыздың сыртқы саяси ведомствосы өзіне жүктелген жауапкершілігі биік міндет үдесінен шығатындай деңгейде жұмыс істеді. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың еліміздің сыртқы саясатына байланысты басымдықтары мен идеяларын ілгерілетуде біліктілік пен кәсібиліктің айтарлықтай жоғары деңгейін көрсете білді. Елбасы өткен сәуір айында еліміз сыртқы саясат ведом­ствосының алдында тұрған басым бағыттарды айқындап, осы орайда Сыртқы саясат жөніндегі кеңес құру туралы тапсырма берген болатын. Осы орайда «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санында Қазақстан Рес­пуб­­­ликасының Сыртқы істер министрі Ержан Қазыхановпен Президенттің аталған кеңесті құру туралы тапсырмасының қалай орындалғаны, жаңа құрылымның мақсат, міндеттері туралы болған сұхбаты «Сыртқы саясат кеңесі ең алдымен, Қазақстанның халықаралық имиджін қалыптастыру бағытында жұмыс істейтін болады» атты тақырыппен жарық көрді.

                                                                                         ***

«Айқын» басылымы бүгінгі санында «Жедел қозғалатын жүк - табыстылықтың бір кілті» атты мақала басты. «Қазақстан - шикізат қорларына бай, келешекте оларды барынша өңдеу мүмкіндігі бар қарқынды дамып келе жатқан мемлекет. Бірақ кез келген өнімнен көзделген пайданы көру үшін оны ұқыпты сақтау, жедел тасымалдау, тиімді сату қажет екенін айтып жатудың өзі артық шығар. Еліміздегі Еуразиялық табиғи ресурстар корпорациясы трансұлттық компаниясының белді акционерлерінің бірі Александр Машкевич Қазақстан үшін көліктік-логистикалық кешенді дамыту өте-мөте қажет деп санайды..» деп жазады басылым.

                                                                              ***

«Алаш айнасы» басылымының жазуынша, үздіксіз дамып отыруы тиіс білім саласы алдағы уақытта да реформалардан кенде болмайды. Кеше мәжілісмендер алдында білім беруді дамыту туралы мемлекеттік бағдарламаның іске асырылуы барысы мен алдағы міндеттері туралы  Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов есеп берді. Сонымен, орта білім жүйесін жаңарту бағытында министрлік мұғалім мәртебесін көтеруді басты міндет санайды. Ол үшін ең бастысы ұстазға лайықты еңбекақы төлеу қолға алынбақ. Осы атқарылатын шаралар мен көтерілген мәселелерді «Алаш айнасы» басылымының бүгінгі санындағы «Министрдің қуанышы мұғалімге жұбаныш бола ма?» атты мақаладан оқи аласыздар.  

Сондай-ақ осы басылымның жазуынша, биылдан бастап өзге мемлекеттерден келетін жүктерді кеденшілер бақыласа, елімізге кіретін азаматтарды шекарашылар тексеретін болады. Осылайша, шекарада бақылаудың екі-ақ жүйесі қалады. Олар - кеден және шекара қызметі. Қазақстанның бас кеденшісі Мәжит Есенбаевтың  болжамына сенсек, бұл жүйеге қыркүйекте көшуіміз әбден мүмкін. Сол кезде басқа мемлекеттік органдардың кетуіне байланысты  Кедендік бақылау комитетіне қосымша міндеттер жүктеледі. Бірақ осы «жаңа» міндеттерді қазіргі кеденшілер атқара алмайтын сияқты . Олардың орнына жас мамандар келмек.  Бұл туралы «Алаш айнасының» бүгінгі санындағы «Кеденшілер аттестациядан өте ала ма?» атты мақалада баяндалған.

                                                                                ***

ҚР Дін істері жөніндегі агенттіктің төрағасы Қайрат Лама Шариф жұмыс сапарымен өңірге барды. Осы сапар аясында ол СҚО әкімдігі жанындағы діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі кеңестің отырысына қатысты.   Облыс аумағында 117 діни бірлестіктер қызмет етеді. Жиын барысында облыста діни тұрғыда ешқашан да келіспеушіліктер болмағаны айтылған және өңірде халықты бейбіт өмірге, өзара келісімге шақыратын дәрістер өтетіні баяндалды. Осы мәжілісте көтерілген мәселелер «Казахстанская правда» басылымының бетінде «Эффективная диалоговая площадка » атты мақалада қозғалған.