Министрге 2011-2015 жылдарға арналған «Оқулық» республикалық ғылыми-тәжірибелік орталықты дамыту бағдарламасы ұсынылды

ТАНА. 29 шілде. ҚазАқпарат. ҚР Білім және ғылым министрі Б. Жұмағұловтың төрағалығымен «Оқулық» республикалық ғылыми-тәжірибелік орталықтың қызметін жетілдіру мәселесі жөнінде кеңес өтті. Министрлік басшысына 2011-2015 жылдарға арналған «Оқулық» республикалық ғылыми-тәжірибелік орталықты дамыту бағдарламасы ұсынылды.

Орталықтың қызметін талдау нәтижесі көрсеткендей оқулықтар мен оқу-әдiстемелiк кешендерді әзірлеу және шығару отандық жүйені қатаң жетілдіру талабын қойып отыр.

Англия, Германия, Канада, Норвегия, Ресей, Сингапур және АҚШ-тың оқулықтар әдебиетiн өңдеу, сараптау және шығару талқыланған халықаралық тәжірибелерінің, сонымен бірге Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттарының сауалдарын талдау нәтижесі негізінде және БАҚ-та жарияланған сын материалдардың негізінде соңғы бес жылдың ішінде орталық қазақстандық оқулықтардың сапасын арттыру үшін жаңа ұсыныстар әзірледі.

Басты шешілмеген мәселе - оқулықтарды сараптау сапасы.

Өткен жылдың қараша айында сараптау процедурасын жетілдіру мақсатында шаралар кешені қабылданды.

Білім және ғылым министрлігі әзірлеушілермен ұсынылған оқулықты «Оқулық» республикалық ғылыми-тәжірибелік орталыққа тапсырады. Толық сараптамадан кейін, орталық қорытындысын беріп оқулықты республикалық қоғамдық кеңесіне ұсыну немесе ұсынбау шешімін қабылдау үшін жібереді. Кеңестің құрамына Парламент депутаттары және белгілі ғалымдар мен педагог-тәжірибешілер кіреді.

Тағы бір маңызды мәселе - ол жылдан жылға оқулық авторларының өзгермеуі. Үстіміздегі жылдың мамыр айында математика мұғалімдерінің І съезінде министр жаңа формациядағы авторлар мен сарапшыларды даярлау және оқулықтар мен оқу-әдістемелердің сапасына эксперттік қорытынды берген авторлар толық жауап беретін ұстанымды қамтамасыз ету қажеттілігі туралы айтты. Ол бүгінгі жиында министрліктің позициясын растады. Қазақстанда эксперттерді және оқулықтардың авторлары мен шығарушылар мектебін құру уақыты келді.

Тамыз айының басында Астана, Алматы, Атырау, Тараз қалаларында оқулықтар сапасының мәселелері бойынша педагогтар қоғамымен аймақтық жиындар өткізіледі.

Қорытындылай келгенде, білім беру ведомствосының басшысы Қазақстан оқулықтарының сапасы мәселесі қоғамдық диалогқа ашық екенін атап айтты.

Бұл мәселе тамыздың 25-інде Астана қаласында өтетін Республикалық педагогтар форумында талқыланатын негізгі тақырыптардың бірі болуы мүмкін.