«Артық қыламын деп, тыртық қылды», деген осындайда айтылса керек. Жақында Бәйдібек ауданында бір сотқа арызданушы мәселесі тез шешудің төте жолын табамын деп басы дауға қалды. Ол істі пайдасына шешу үшін судьяға бара бермей, пара беруді жөн санапты. Тағы мәселесін судьяның зайыбы арқылы шешпек болғанын қайтерсің?! Қай жерде, қандай қызмет атқаратынын алдын ала біліп алып, әйелдің кабинетіне кіріп барған да, аз-кем әңгімеге тартқаннан кейін әй-шайға қарамастан конвертін тастап кеткен көрінеді»,-деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті «Алқабилер арасында да ала-құлалық бар» атты мақалада. Әйел құзырлы органдарға хабарласып, бөлменің есігі мөрленіп, кейінірек тексеру барысында шынында пара ретінде тастап кеткен 50 мың теңге табылған, қазір бұл іс бойынша тергеу жүріп жатыр.
Осы басылымның жазуынша, Ақтөбе облысы бойынша қаржы полициясы департаментіне М. деген азаматтан Ақтөбе бөлімшелік көліктегі мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасының жетекші маманы Ж. Өтегеновтің Ақтөбе стансасында сауда орнын ашуға рұқсат бергені үшін өзінен 200 АҚШ доллары көлемінде пара алғаны туралы шағым түсірді. Шұғыл іздестіру шараларын жүргізу барысында департамент қызметкерлері Ж. Өтегеновті пара алғанына бұлтартпайтын айғақтармен ұстап, оған қатысты Қылмыстық кодекстің 311 бабы, 2-бөлімі бойынша пара алғаны үшін іс қозғады. Бұл материал газетте «Парақорды құрықтауға көмектесіп, сыйлық алды» деген тақырыппен берілген.
***
«Сіздің құныңыз қанша? Адам ретінде бағаңыз немен өлшенеді? Адам үшін ең қымбатты не нәрсе? Кез келген адам үшін ең бірінші - оның аты қымбат. Әкесінің аты қымбат. Атасының аты қымбат. Тегі қымбат, тұқымы қымбат. Аты-жөніңізде қате жоқ болса, сіз өз құныңызды, өз бағаңызды білесіз. Аты-жөніңізде қаптаған қате болса ше? Онда өз құныңызды өзіңіз шығарарсыз. Қазақтың құны қанша деуімізде мән бар. Жақында «Егемен» мен «Казправдаға» биылғы Бірыңғай ұлттық тестілеудiң қорытындысы шығады. Мектеп бітіріп, жоғары оқу орнына түсуші түлектердің аты-жөніндегі қатеден аяқ алып жүре алмайсыз. Қазақта қанша құнсыз қазақтың бар екенін сол тізімге қарап-ақ жобалай беруге болады. Аты-жөнді қате жазу жағынан алдымызға қара салмай келеміз. Бір қызығы, соған еш қорланбаймыз да, намыстанбаймыз да! Қатені түзеткісі келген адам мың есікті ашуына тура келеді. Табанынан тозады. Шаршайды. Шалдығады. Ақыр соңында бәріне қолын бір сілтеп, қоя салады»,-деп жазады «Айқын» басылымы «Қазақтың құны қанша?» деген мақалада. Осы күні атына «мягкий знак» қосылып жазылмаған қазақтың қызы аз. Гульмира, Гульжан, Гульнар, Гульжанар, Гульжамал, Гульсим деп аты гүлге біткен қыздың бәрі дерлік қате атты көтеріп жүр. Анар - Анара, Манар - Манара, Жанар - Жанара деген орыс тілінің ыңғайымен жатып тұратын аттарды есепке алсаңыз, еріксіз тіліңізді тістейсіз.
Осы басылымда «Министрлер қайда кетті?» атты мақала көпшілік назарына ұсынылып отыр. «Өткен жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік қызметкерлерге жаңажылдық және басқа да мемлекеттік мерекелерді шетелде қарсы алуға тыйым салған еді. Елбасымыздың ескертуі қазақстандық саяси элитаның шымбайына қатты батып кеткен тәрізді. Шілде айының алғашқы онкүндігінде БАҚ беттерінде «Елбасымыз қысқа мерзімді еңбек демалысына шықты» деген ақпарат жарияланған күннен бастап демалыс алып, шетел асып кететін қазақстандық саяси элита биыл еңбек демалысына шығуға асығар емес»,-деп жазады газет. Үкіметтің баспасөз бөлімі министрлердің басым көпшілігі қазір жұмыс орнында екенін айтады. Өткен аптаның аяғында Премьер-министрдің орынбасары Ербол Орынбаев Қарағанды облысында жаңадан ашылып жатқан жұмыс орындарымен танысты. Айтпақшы, осы аймақта Елбасымыздың кеңесшісі Гүлшара Әбдіхалықова, Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова да Қарағанды облысының шеткері аймақтарында іссапарда жүр деген ақпарат алдық. Тіпті маусымның аяғында еңбек жазғы демалысқа шыққан сенаторлар мен мәжілісмендердің аймақтардағы кездесулері жайлы ақпараттар басылым беттерінде жиі жарияланып жүр. Мысалы, сенатор Ерлан Нығматуллин өткен аптада твиттердегі жеке парақшасында «Әзірге демалыстың ауылы алыс болып тұр. Отбасымды шетелге жібердім. Өзім, қолым қалт етсе, Алакөлге барып қайтатын шығармын» деп жазды. Мәжілісмендер Розақұл Халмұрадов пен Қамал Бұрханов елдің ортасы ешбір демалыс орнын алмастыра алмайтынын айтты. Мәжілісмен Розақұл Халмұрадов алдағы он күнде республикаға белгілі «Сарыағаш» шипайжайына барып қалуы әбден мүмкін. «Сарыағашта» демаламын» деп жүрген халық қалаулыларының қатарында сенатор Қуаныш Айтаханов пен мәжілісмен Майра Айсина да бар.