Бұл туралы бүгін Парламент Сенатында қаралған зейнетақымен қамтамасыз ету мәселесіне байланысты заң жобасы бойынша баяндама жасаған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Жауапты хатшысы Тамара Дүйсенова мәлім етті.
Оның сөзіне қарағанда, әйелдер мен ерлердің зейнеткерлік жасын бірдей ету жөніндегі мәселелер Парламентке келген заң жобасында қаралмаған. «Әйелдердің зейнеткерлік жасы әдеттегісінше - 58. Ал ер азаматтардікі - 63. Жалпы бұл мәселе Отбасы және әйелдер істері жөніндегі ұлттық комиссияның отырысында көтерілген. Ал министрлік оған қатысты өзінің көзқарасын білдірген жоқ», - деді министрлік өкілі.
Оның айтуынша, еліміздің зейнетақылық жинақтау жүйесі бойынша азаматтар ақшаны неғұрлым көбірек тапса, олардың алатын зейнетақылары да соғұрлым мол болады. «Еліміздің қолданыстағы заңнамалары бойынша әйел азаматшалар өздерінің зейнетақылық қорларын әрі қарай толықтырғысы келсе, олардың бұл істі ерікті түрде жалғастыруға құқылары бар», - деді Т.Дүйсенова.