Министрлік шетелге кеткен ғалымдарды қайтаруға бағытталған бағдарлама әзірлемек

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – Ғылым және жоғары білім министрлігі шет мемлекеттерге жұмыс істеуге кеткен отандық ғалымдарды елге қалай қайтаратынын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталған ведомстводан кейінгі 2 жылда қанша қазақстандық ғалым өзге мемлекеттерге жұмыс істеуге кеткенін сұрап, ресми сауал жолдаған едік. Жауап мынадай: «Ғалымдардың елден кетуі бойынша ақпарат қалыптастырылмайды. Қазақстан Республикасында жоғары білімді және ғылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында ғалымдарды елге қайтаруға бағытталған бағдарлама әзірлеу көзделген».

Алайда министрлік шетелге тәжірбие жинақтауға кеткендер жайлы статистикамен бөлісті.

«2021-2022 жылдары 416 ғалымға әлемнің жетекші орталықтарында тағылымдамадан өтуге гранттар берілді. Қазіргі таңда тағылымдамасын аяқтаған 257 ғалым елге оралды. Қалған ғылыми қызметкерлердің тағылымдама мерзімі аяқталмады», - делінген министрліктің жауабында.

Еске салайық, бұған дейін Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Қазақстан 10 жылда қанша ғалымды жоғалтқанын айтқан еді.