Министрлік зейнетақыны 20 пайызға көтеруге кірісті

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Еңбек және xалықты әлеуметтік қорғау министрлігі зейнетақы мөлшерін 20 пайызға көтеруді көздейтін заң жобасын әзірледі.

 Бүгін вице-министр Светлана Жақыпова аталған құжатты ведомствоаралық комиссияның отырысында қорғап шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

"Жылдың басынан бастап біз барлық зейнеатақы төлемдерін 9 пайызға көтердік. Енді, шілденің 1-іне дейін тағы 13 пайызға жоғарылайды. Сөйтіп, 20 пайыздық меже орындалады. Бұдан бөлек, жаңа заң жобасы аясында бала туу бойынша төленетін ақыны 20 пайызға көтеру көзделген", - деді Жақыпова комиссияның отырысынан кейінгі баспасөз мәслиxатында.

Айта кетейік, "ҚР кейбір заңналық актілеріне әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасының тұжырымдасына сәйкес жұмыс берушілердің зейнетақы қорына 5 пайыздық жарнаны төлеу міндетін 2020 жылға дейін шегеру шарасы да қарастырылып отыр. Ведомствоаралық комиссиядан кейін аталған құжат Мәжіліс мен Сенат қарауынан өтуі тиіс.