Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығының бас директоры Нұршат Сарыбек Денсаулық сақтау министрлігінің алқа отырысында мәлімдеді.
– Біз бытыраңқы автоматтандыру кезеңінен денсаулық сақтаудың бірыңғай цифрлық экожүйесін құруға көштік. Бүгінде саланы басқару қағидаттарын түбегейлі өзгертетін аса маңызды платформалардың енгізілу нәтижелерін көріп отырмыз, – деді Н.Сарыбек.
1С жүйелерімен және кадрлық тізілімдермен жүргізілген цифрлық интеграцияның нәтижесінде деректерді қолмен енгізу үлесі 0%-ға дейін төмендеп, медицина қызметкерлеріне түсетін әкімшілік жүктеме 30–40%-ға қысқарды.
– Біз 21 300-ден астам медициналық ұйым мен 275 000 қызметкер туралы ақпаратты бірыңғай контурға біріктіру арқылы деректердің шашыраңқылығын жойдық, – деп атап өтті РЭДСО басшысы.
Денсаулық сақтауды цифрландырудың негізгі бағыттарының бірі әйелдер мен балалардың денсаулығын мониторингілеу жүйесі болды. Қазіргі уақытта цифрлық бейінмен 6,8 млн бала мен 4,8 млн әйел қамтылған, ал мониторинг 80 маңызды көрсеткіш бойынша жүргізіледі. Жүкті әйелдің айырбастау картасы енді eGov Mobile қосымшасы арқылы қолжетімді.
Сондай-ақ пациенттерді динамикалық бақылаудың жаңа форматы енгізіліп жатыр. Бүгінде цифрлық мониторинг аясында 3,6 млн адам қамтылған. «Цифрлық бақылау картасы» дәрігерге пациенттің қай өңірде жүгінгеніне қарамастан, оның емдеуге жатқызылу тарихын, тағайындауларын және рецепттерін көруге мүмкіндік береді. ️
Амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету саласында дәрілік заттарды дербестендірілген жоспарлау жүйесі енгізілді. Қазіргі таңда ол 1,9 млн пациент пен 683 медициналық ұйымды қамтиды. 2026 жылға арналған жоспарлау көлемі 330,9 млрд теңге болды. Таңбалау кодтарының енгізілуі дәрілік препараттардың қалдықтарын онлайн бақылауға және олардың қозғалысын толық қадағалауға мүмкіндік берді.
– Біз дәрілік заттарды жоспарлаудың түбегейлі жаңа моделін іске қостық. Енді жоспарлау орташа нормативтерге емес, нақты пациенттің қажеттілігіне негізделеді, – деді республикалық орталық басшысы.
Цифрлық трансформацияның келесі кезеңі дәрігерлерді бірыңғай интерфейспен және жасанды интеллект көмекшісімен қамтамасыз ететін Бірыңғай мемлекеттік медициналық ақпараттық жүйені (БММАЖ) іске қосу болмақ. Жобаның шеңберінде 1 900-ден астам медициналық ұйымды қосу және жекеменшік медициналық ақпараттық жүйелерден бірыңғай мемлекеттік платформаға кезең-кезеңімен көшу жоспарланып отыр.
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова өңірлерге жүйелерді архивтік деректермен қысқа мерзімде толықтыруды, сондай-ақ бірыңғай деректер қоймасы мен перспективалық жүйелердегі мәліметтерді тұрақты пайдалану мен өзектендіруді қамтамасыз етуді тапсырды. Сонымен қатар ведомство басшысы «РБЖ» ақпараттық жүйесіндегі жылжымайтын мүлік нысандары туралы мәліметтердің толық өзектілігі мен дұрыстығын қамтамасыз ету, еңбек ресурстары теңгерімін объективті қалыптастыру үшін кадрлық деректерді верификациялау, сондай-ақ қаржылық және салалық ақпараттық жүйелердің арасындағы деректерді синхрондауды аяқтау қажеттігін атап өтті. ️
Медициналық көмектің сапасы мен қауіпсіздігі мәселелеріне ерекше назар аудару тапсырылды. Осыған байланысты медициналық қызметке персоналды жіберу тәртібіне бақылауды күшейту жүктелді.