Министрлік Ақтөбе облысындағы балалардың жағдайына қатысты түсінік берді
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Ақтөбе облысында әлеуметтік желі арқылы анасына араша түскен балалардың мәселесі министрліктің бақылауында. Бұл туралы Білім министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті хабарлады.
— Аталған мәселе Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің, Бала құқықтары жөніндегі уәкілдің және Ақтөбе облысы әкімдігінің бақылауында. Қазіргі уақытта барлық балалар кәмелет жасқа толған әпкелерімен бірге қауіпсіз жерде орналасқан. Облыстық балалардың құқықтарын қорғау басқармасының мамандары отбасының тұрғылықты жеріне барып, жағдаймен танысты. Балалардың хал-ахуалы қанағаттанарлық, тұрмыс жағдайы белгіленген нормаларға сай, — делінген хабарламада.
Балалардың қауіпсіздігі мен әл-ауқатын қамтамасыз ету мәселесі жағдай толық шешілгенге дейін тұрақты бақылауда болады.
Бұған дейін Ақтөбеде бір үйдің 5 баласы анасына араша сұрағаны туралы жазған едік.