Министрлік америкалық блогерді шақыру туралы ақпаратты жоққа шығарды

АСТАНА. KAZINFORM — Туризм және спорт министрлігі бірқатар бұқаралық ақпарат құралында жарияланған, америкалық блогерді ведомство арнайы шақырды деген ақпаратты ресми түрде жоққа шығарады. 

Фото: pexels

Министрлік шетелдік блогерлерді, туристік қауымдастықтар мен компанияларды топтық ақпараттық турлар аясында шақыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізеді. 

— Ведомство қызметінде жекелеген жеке тұлғаларды шақыру қарастырылмаған. Ресми түрде жеке өтініштер түскен жағдайда министрлік жан-жақты қолдау көрсетеді. Алайда аталған блогерден министрлікке ешқандай өтініш келіп түспеген, — делінген министрлік хабарламасында.

Сонымен қатар Kazakh Tourism ұлттық компаниясы атынан блогермен жеке хат алмасу болғанын хабарлайды. Компания мәліметі бойынша, келіссөздер нақты келісімге жетпей аяқталған.

— Kazakh Tourism ұлттық компаниясы өз тарапынан еліміздің туристік әлеуетімен танысу үшін ақпараттық қолдау көрсетуге және қажетті мәліметтер ұсынуға дайын, — делінген хабарламада. 

Айта кетелік елде туристік бағыттарға жол салынып жатқаны туралы жазған едік