Даркнеттегі қазақстандықтардың деректері: министрлік түсініктеме берді

АСТАНА. KAZINFORM — Қазіргі уақытта бейінді қызметтермен бірлесіп жарияланған ақпаратқа техникалық тексеру жүргізіліп жатыр.

Фото: Анадолы

— Министрлік Қазақстан азаматтарының дербес деректерінің таралуы және олардың даркнетте жарияланғаны туралы ақпараттан хабардар.

Қазіргі уақытта бейінді қызметтермен бірлесіп жарияланған ақпаратқа техникалық тексеру жүргізіліп жатыр. Оның ішінде ұсынылған деректер үлгілерін талдау және олардың ықтимал шығу көзін анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Қазіргі таңда электрондық үкіметтің ақпараттық жүйелерінің бұзылғаны және аталған деректер базасының тікелей eGov жүйесінен алынғаны туралы расталған ақпарат жоқ, — делінген министрлік хабарламасында.

Министрліктің мәліметінше eGov жүйесінде жарияланымдарда көрсетілген форматтағы паспорттардың скан-көшірмелері сақталмайды, ал цифрлық құжаттардың форматы өзгеше

— Сонымен қатар жарияланымдарда көрсетілген ақпараттың бір бөлігі электрондық үкімет деректерінің құрылымы мен форматына сәйкес келмейтінін атап өтеміз. Атап айтқанда, eGov жүйесінде жарияланымдарда көрсетілген форматтағы паспорттардың скан-көшірмелері сақталмайды, ал цифрлық құжаттардың форматы өзгеше. Даркнет пайдаланушысының деректер базасының шығу тегіне қатысты мәлімдемесі eGov жүйесінің бұзылғанын растайтын дәлел бола алмайды, — делінген Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі хабарламасында. 

Техникалық тексеру жалғасып жатыр. Оның қорытындысы бойынша қосымша ақпарат беріледі.

— Министрлік азаматтарға цифрлық қауіпсіздіктің негізгі талаптарын сақтауды ұсынады: SMS-кодтарды, парольдер мен ЭЦҚ деректерін үшінші тұлғаларға бермеу, күмәнді сілтемелерге өтпеу және әртүрлі сервистер үшін түрлі парольдерді пайдалану, — делінген хабарламада. 

Айта кетелік адамдардың жеке деректерін заңсыз пайдаланып, 2 млрд теңге несие алған қылмыстық топ ұсталған еді