Министрлік фильмдерді прокатқа шығаруға дейінгі сараптамадан өткізу қағидаларын бекітті

АСТАНА.KAZINFORM - Мәдениет және ақпарат министрлігі фильмдерді прокатқа шығаруға дейінгі сараптамадан өткізу қағидаларын бекіткенін хабарлады.

Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Жаңа талаптар Мемлекет басшысының Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайда берген тапсырмасы негізінде әзірленді. Осыған байланысты «Кинематография туралы» заңға енгізілген өзгерістерге Президент 2026 жылғы 18 ақпанда қол қойды. Заң нормалары 2026 жылғы 16 маусымнан бастап күшіне енеді.

Жаңа тетік киноөнімдердің қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкестігін қамтамасыз етуге және кинопрокат жүйесін жетілдіруге бағытталады.

Прокат алдындағы сараптама барысында фильмдерде Қазақстан заңнамасында тыйым салынған материалдардың бар-жоғы анықталады.

Комиссия құрамында кинематография, денсаулық сақтау, білім және ғылым, құқық салаларының мамандары, сондай-ақ өзге де сарапшылар бар.

Комиссия ұсынған қорытынды шешім қабылдау кезінде ескеріліп, прокат куәлігін беру немесе одан бас тарту мәселесіне негіз болады.

Толық ақпаратты сілтеме арқылы білуге болады: 

https://www.gov.kz/memleket/entities/mam/documents/details/1027435?lang=kk

https://www.gov.kz/memleket/entities/mam/documents/details/1027438?lang=kk

https://www.gov.kz/memleket/entities/mam/documents/details/1027442?lang=kk

https://www.gov.kz/memleket/entities/mam/documents/details/1027445?lang=kk

Қазақстанда фильмдер прокатқа шығар алдында порнография мен тыйым салынған контентке тексерілетінін жазған болатынбыз.