Министрлік Кәрім Мәсімовтің зәулім сарайын басқа мемлекеттік мекемеге беруді жоспарлап отыр
АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Оқу-ағарту министрлігі бұрынғы премьер-министр Кәрім Мәсімовке тиесілі ғимаратқа қатысты қабылданған шешім бойынша түсінік берді, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.
Ведомство баспасөз қызметінің хабарлауынша, жекежай министрлік балансына берілгеннен кейін оны Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың ұлттық ғылыми-практикалық орталығы мемлекеттік мекемесін орналастыру үшін пайдалану жоспарланған болатын. Ол мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған жағдайларды ұйымдастыру, психологиялық-педагогикалық қолдау және мамандандырылған көмек көрсетуге арналған.
Алайда бағалау барысында ғимараттың балалармен жұмыс істеу үшін жарамсыз екені анықталды.
- Сонымен қатар ғимарат ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істейтін ұйымдарға қойылатын санитарлық талаптарға сай келмейді және күрделі жөндеу мен қайта құруды, сондай-ақ қажетті материалдық-техникалық ресурстармен қамтамасыз етуді қажет етеді, - деп түсіндірді ведомство.
Бұдан басқа, бұл аумақта есту, көру, сөйлеу, тірек-қимыл аппараты бұзылған, ақыл-ой кемістігі бар, мінез-құлық, коммуникация және әлеуметтік өзара әрекеттесу бұзылыстары бар, сондай-ақ ақыл-ой кемістігі бар мүгедек балаларды қоса алғанда мүгедек балаларға арналған қосымша ғимарат салу қажет болады. Қазіргі жағдайда нысанда қажетті арнайы және қолайлы жағдайлар құру мүмкін емес, деп атап өтті баспасөз қызметі.
- Оқу-ағарту министрлігінің бюджетінде күрделі жөндеу жүргізу, қайта құру, сондай-ақ қосымша ғимарат салуға қаражат қарастырылмаған. Қазіргі уақытта Оқу-ағарту министрлігі мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті органмен бірлесіп нысанды оған мұқтаж мемлекеттік заңды тұлғаларға беру мәселесі бойынша жұмыс істеп жатыр, - деп хабарлады министрлік.
Еске сала кетсек, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовке тиесілі елордадағы зәулім үй 2025 жылдың 5 қыркүйегінде Оқу-ағарту министрлігінің пайдалануына берілді.
Айта кетсек, 2025 жылғы 10 ақпанда Кәрім Мәсімовтің Астанадағы зәулім сарайы 1,8 млрд теңгеге сатылымға шығарылған еді.