Министрлік «Келешек» жүйесіне қатысты нормалар қашан күшіне енетінін түсіндірді

Фото: Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Сенатта мақұлданған заң аясында «Келешек» ерікті жинақтау жүйесіне қатысты нормалар бекітілді. Осы орайда Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов 2025 жылдың басынан «Келешек» ережелері күшіне енетінін мәлім етті.

- Бұл заңға қол қойылғаннан кейін 60 күннің ішінде «Келешекке» қатысты нормалар күшіне енеді, яғни келесі жылға жоспарланып отыр. «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесі осыған дейін іске қосылған мемлекеттік білім беру жүйесінің платформасында жүзеге асырылады. «Келешектің» ерекшеліктеріне тоқталсақ, оның жүйесінде алғашқы білім беру капиталы ескерілген. Бұған дейін осындай мүмкіндік болмаған. Енді есепшот ашылғаннан кейін, күнтізбелік жылда 5 жасқа толған балалардың (есепшоты барларға) барлығына мемлекет жағынан бастапқы білім беру капиталы құйылады. Оның сомасы барлық балаға мемлекеттен 60 АЕК көлемінде, ал жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар үшін 120 АЕК қарастырылған, - деді Т. Ешенқұлов Kazinform тілшісіне берген сұхбатында.

Сонымен қатар ол кейіннен жоғары білім алуға талпынған жастарға «Келешек» жүйесі мен «Ұлттық қор – балаларға» жобасының жинақтарын пайдалануға қатысты түсінік берді.

- Негізі, «Келешек» білім алудың қосымша бағыты ретінде қаралып отыр. Мұнымен қоса, жыл сайын бөлінетін мемлекеттік білім гранттары да сақталады. Бұдан бөлек, «Ұлттық қор – балаларға» жобасы да қосымша мүмкіндік береді. Бірақ, ата-аналар екі есепшотты біріктіреміз десе, осы қаражатты кейіннен «Келешек» шотында жинақтау мүмкіндігі болады. Бұл бағытта тиісті қадамдар пысықталады, - деді вице-министр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Сенат «Келешек» ерікті жинақтау жүйесіне қатысты заңды мақұлдады.