Мәжілісте Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нұркен Шәрбиев балық шаруашылығын дамытуға бағытталған заңнама өзгерістерін таныстырды.
Заң жобасын талқылау кезінде депутаттар халықаралық және мемлекеттік маңыздағы су қоймаларын ірі инвесторларға конкурссыз беру нарықта теңсіздік туындатуы мүмкін деген қаупін айтты.
Вице-министрдің айтуынша, мұндай мүмкіндік балық өңдеп, ірі кәсіпорын салуға 550 млн теңгеден астам инвестиция құятын инвесторларға ғана берілмек.
Президенттің балық өңдеу саласын дамыту туралы тапсырмасын орындап, инвестиция көлемін ұлғайту үшін осындай шараға барып отырған көрінеді.
Депутат Қазыбек Әлішев заң жобасында балық өсірушілерге 4 бірдей субсидия түрі ұсынылу көзделгенін айтып, су айдынын конкурссыз беру әділетсіздік туғызатынын айтты.
Мәжіліс өкілдерінің қарсылығынан кейін вице-министр бұл мәселені заң жобасын пысықтау кезінде қайта қарауға уәде берді.
Депутат айтқанда министрлік әзірлеген заң жобасында балық өсірушілерге шынымен де 4 түрлі субсидия беру ұсынылған.
«Заң жобасында мемлекеттік қолдаудың 4 түрлі шарасы қарастырылған. Оның екеуі қазірдің өзінде қолданыста бар. Оның бірі — балық жеміне, балыққа қолайлы орта жасайтын материалдарға, дәрі-дәрмекке, аналық тұқымды күтіп ұстауға кететін шығынды субсидиялау. Сондай-ақ, күрделі құрылыс пен қондырғылар салуға кеткен шығынның бір бөлігін өтеп беру шарасы бар. Енді осыларға субсидияның екі жаңа түрі ұсынылып отыр. Біріншісі — балық жұмсалатын судың шығынын субсидиялау. Екіншісі — кредиттердің сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау. Мұны агроөнеркәсіп кешенін субсидиялау жүйесі арқылы іске асыру жоспарланып отыр», — деді Нұркен Шәрбиев.
Сондай-ақ, ол жобаларды мемлекет тарапынан ғылыми тұрғыда сүйемелдеу шаралары көзделгенін айтты.