«Жағдайды пайдаланып, бүкіл БАҚ-ты өз телеарналарыңызда, өз жаңалық порталдарыңызда спортқа бәс тігуді, букмекерлік кеңселерді жарнамалауды тоқтатуға, өз сайттарыңызда олардың қызылды-жасылды баннерлерін қоюды тоқтатуға шақырамын. Сондай-ақ ұялы байланыс операторларын бонусы бар тиімді ұтыс тігуді ұсынған SMS-тер таратып, акцияларды жарнамалауды доғаруға шақырамын», - деді Мирас Төлебаев.
Сондай-ақ, ол танымал адамдарға да қайырылды.
«Танымал адамдардың бәрінен букмекерлік кеңселермен олардың брендін жарнамалау туралы келісімшарт жасамауын сұраймын. Егер келісімшарт жасап қойсаңыздар, дереу бұзуға шақырамын. Саналылық танытып, азаматтық жауапкершілікті түсінулеріңізді сұраймын. Банктерді әрбір төлемді талдап, заңсыз букмекерлер мен онлайн казиноларға жолданған бүкіл транзакцияларды бұғаттауға шақырамын. Бүкіл оқу орындарында құмар ойынның, бәс тігудің зияны туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізуге шақырамын», - деді вице-министр.