Министрліктер 30 млрд теңгені игеріп үлгермеуі мүмкін — Қаржы министрі
АСТАНА. KAZINFORM — Қаржы министрі Мәди Такиев Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында республикалық бюджеттің игерілу қарқыны туралы мәлімет берді.
— Мен сізге республикалық бюджеттің игерілу қарқыны туралы айта алам. Біз 30 млрд теңгеге жуық қаражат игерілмей қалуы мүмкін деп күтіп отырмыз. Әзірге күтіп отырмыз. Өйткені жылдың аяқталуына әлі екі апта бар, — деді Мәди Такиев.
Айта кетейік, бүгінгі Үкімет отырысында микро және шағын бизнесті қолдау шараларын талқыланды.
Бұған дейін Қазақстанда бюджеттік қаражатты тиімді пайдалану үшін 1,5 трлн теңге үнемделгенін жазған едік.
Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің төрағасы Ержан Мыңжасаровтың айтуынша, 2024-26 жылдарға арналған республикалық бюджет бойынша 23 орталық органның өтініші қаралып, олардың жартысынан көбінде кемшіліктер анықталған.
— Онлайн бюджеттік мониторинг институты 2026–2028 жылдарға арналған бюджеттік қаражатты шамадан тыс және негізсіз жоспарлау фактілерін анықтап, тоқтатуға мүмкіндік берді. Бұл жалпы 1,5 трлн теңгеге дейінгі соманы қамтиды, — деген еді Ержан Мыңжасаров.