Министрліктер жаңа жұмыс кестесіне көше бастады
АСТАНА. KAZINFORM — Экология және табиғи ресурстар министрлігінің жұмыс уақыты өзгерді, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.
Министрлік 2025 жылғы 18 сәуірден бастап жұмыс уақыты сағат 08:00–ден 17:30–ға дейін өзгеретіндігін хабарлады.
— ҚР Еңбек кодексінің 46-бабына сәйкес Экология және табиғи ресурстар министрлігінде, оның ведомстволары мен олардың аумақтық құрылымдарында жұмыс уақытының режимі өзгергені туралы хабарлаймыз. Сағат 13.00-14.30 арасында демалысқа және тамақтануға үзіліс беріледі, жұмыс күні сағат 08.00-де басталып, сағат 17.30-да аяқталады. Осыған байланысты, барлық қызмет көрсетушілерді жаңартылған жұмыс кестесіне көшуге және қабылдауды жаңа графикке сәйкес қатаң түрде жүргізуге шақырамыз, — делінген ведомство таратқан ақпаратта.
Еске салсақ, бұған дейін Катонқарағай ауданында жұмыс уақыты бір сағатқа кері шегерілгені хабарланған.
Кейін тағы бірнеше ауданда жұмыс уақыты өзгертілді.
12 наурыз күні Алтай және Ұлан аудандарында да жұмыс уақыты сағат 08.00-де басталатындығы туралы жазғанбыз.
Сонымен қоса, Шығыс Қазақстан облысындағы Глубокое және Шемонаиха аудандарында жұмыс уақыты бір сағатқа шегерілді.
Айта кетейік, ғалымдар уақыт белдеуін өзгертудің кері әсерін дәлелдесе, кім жауапты болатынын жазғанбыз.