Басқосуда мүмкіндігі шектеулі жандарды қоғамға бейімдеу, оларды жұмыспен қамту мәселелері сөз болды, деп хабарлайды 24.kz.
Жиналғандардың айтуынша, бүгінгі таңда елімізде 570 мыңдай мүгедек бар. Олардың 370 мыңы еңбекке қабілетті. Алайда бұл санаттағы жандардың жүріп-тұруына, еңбек етуіне елімізде толыққанды жағдай жасалмай отыр. Осы ретте ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі «Мүгедектер құқықтары туралы» конвенцияны ратификациялауға қажетті алғышарттарды жүзеге асыру үшін 2012-2018 жылдарға арналған жұмыс жоспары бекітілгенін жеткізді. Онда мүгедектердің өмір сүру жағдайын жақсартуға бағытталған шаралар қарастырылған. Бүгінде заң актілерін сараптау, әлеуметтік және көліктік нысандарды халықаралық талаптарға сәйкестендіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Серік Әбденовтың айтуынша, өкінішке орай, елімізде мүгедектердің жүріп тұруы үшін қажетті пандус сынды қондырғылар талаптарға сай келмейді. Әрі көптеген мекемелерде олардың еңбек етуі үшін жағдай жасалмаған.
- Мысалы, жұмыспен қамту мәселесі бойынша стандарттар керек. Өйткені қазір 3%-дық квота белгіленген, бірақ өкінішке орай, ол орындалмайды. Кейбір жұмыс берушілер жұмыс орнын ұйымдастырады, жұмыспен қамтиды, ал кейбір жұмыс берушілер оған көзқарасы басқаша,- дейді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі.