Мыңнан астам баланың кіндік шешесімін – акушер

Фото: Клара Сәрсенованың жеке архивінен

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Мерекелік кейіпкеріміз Клара Сәрсенова – 1991 жылдан бері Қызылорда облысы Қармақшы аудандық ауруханасына қарасты перзентхана бөлімінің акушері. Биыл осы салада табан аудармай еңбек етіп жүргеніне қырық екінші жыл.

Ол 1965 жылы Қармақшының Ақжар ауылында дүниеге келген. 1980-1984 жылдар аралығында Қызылорда медицина колледжінде оқыды. Оны үздік дипломмен бітірген соң жолдамамен туған жерге оралды. Kazinform тілшісімен сұхбатта кейіпкеріміз ауыл акушері болған уақыттағы қызығы мен қиындығы мол күдерді еске алды. 

Фото: Клара Сәрсенованың жеке архивінен

Жедел жәрдем көлігінің тапшылығынан фермаларды жаяу аралауға тура келген. Босанушылардың көптігінен оларға күнімен-түнімен табанынан тік тұрып қызмет көрсетті. 1989 жылы отбасылық жағдайына байланысты аудандық ауруханаға ауысты. Одан кейін аурухананың перзентхана бөліміне жұмысқа орналасты. 

- Бала кезімде «кіндік шеше» деген ұғымға қатты қызықтым. Інімнің кіндігін ауданымыздың білікті азаматы Қоңырбай Дәуменов ағаның анасы кескен болатын. Ол кісі үйге келген сайын бауырыма тәттілер әкеліп береді. Соған қызығып, армандадым. Мамандық таңдауыма осы жағдай себепші болды деп ойлаймын. Өзім қырық жылдан астам уақыт ішінде қаншама балаға кіндік шеше болдым. Есептеп көрсем, санынан жаңылысамын. Босану залында жәрдемім тиген аналардың көбі көрген жерде танып, ізет білдіріп жатады. Көшеде тоқтатып, «Клара апа, қызыңыз өзіңіз сияқты пысық немесе ұлыңыз өте жақсы оқиды» дегенде көңілім көтеріліп қалады. Біз үшін бұдан артық баға жоқ, - деді Клара Сәрсенова.

Фото: Клара Сәрсенова жеке архивінен

 

Кейіпкеріміз жұбайы Мұхтар Жұбанбаевпен бірге екі ұл өсіріп, қатарға қосты. Бүгінде олардан тараған немерелердің аяулы әжесі. Ал жұмыс барысында өзі көмек қолын созып, жарық дүниеге келуіне себепкер болған балалардың саны мыңнан асып жығылады. Акушер – балаға өмір, анаға бақыт сыйлайтын мамандық. Ол мұны жан-дүниесімен сезінеді. 

Фото: Клара Сәрсенованың жеке архивінен

- Ауылдық жерде акушер жалғыз болғандықтан жас аналар арасында аудан орталығына жете алмай, үйде босанған жағдайларда кездесті. Сондай бір жағдай есіме түсіп отыр. Оқуды жаңа бітіріп, жұмысқа орналасқан кезім. Ұмытпасам, 1984 жылдың 6 наурызы болу керек, ол уақытта УЗИ деген жоқ, аяғы ауыр келіншек ойда жоқта толғақ басталып, егіз босанды. Алланың қалауымен ана да, ұлы мен қызы да аман. Казіргі күні перзентхананың босану залдарында әйелдерге табиғи жолмен босану үшін үйдегідей жағдай жасалған. Серіктестің қатысуымен әртүрлі қимылда, өзі қалағандай босануға мүмкіндік бар, - деді тәжірибелі акушер. 

Елдің алғысына бөленген елеулі мамандық иесі марапаттан құралақан емес. Соның бірі - «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» медалі өткен жылы кеудесінде жарқырады. 

Фото: Клара Сәрсенованың жеке архивінен

- Дені сау анадан дені сау сәби дүниеге келеді. Дені сау ұрпақ – еліміздің болашағы. Сондықтан спортпен шұғылданып, дұрыс тамақтану, зиянды әдеттерден аулақ болып, күнделікті жаттығу жасауды әдетке айналдыру керек, - деді Клара Сәрсенова.

Өткен жылғы мәліметке сүйенсек, Қазақстанда 9 мыңнан астам акушер еңбек етеді, олардың 64%-ы қалада, 36%-ы ауылда жұмыс істейді.