Минскіде қазақстандық «ақылды» жабдықтар мен робот жүйелері таныстырылды

Фото: Үкімет

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның «ақылды» станоктары мен роботтандырылған жүйелері Минскіде өткен «ИННОПРОМ» өнеркәсіп көрмесінде көрсетілді, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметі.

Минскіде өткен «ИННОПРОМ.Беларусь» халықаралық көрмесі аясында қазақстандық кәсіпорындар өнеркәсіпті цифрландыру саласындағы әзірлемелерін ұсынды.

Ұлттық павильон платформасында өндіріске жасанды интеллекті енгізген отандық компаниялардың шешімдері көрсетілді. Экспонаттар арасында роботтандырылған жүйелер мен өндірістік процестердің қауіпсіздігіне арналған «ақылды» құрылғылар бар. Бұл жобалар Мемлекет басшысының жасанды интеллектіні өмірдің барлық салаларына енгізу жөніндегі тапсырмалары аясында жүзеге асырылып жатыр.

Мұндай технологияларды енгізудің мысалы ретінде ауыл шаруашылығы техникасы мен жиынтық бөлшектерін шығаратын «Қазақстандық агроинновациялық корпорациясын» айтуға болады. Компания сандармен басқарылатын жабдыққа көшті. Енді машиналар қолмен емес, цифрлық бағдарламамен жұмыс істейді: инженерлер бөліктің 3D моделін жасап шығарған соң «ақылды» станок оны металдан жоғары дәлдікпен жонып шығады. Бұл тәсіл бұрын шетелден сатып алынатын күрделі компоненттерді шығаруға және өндірістегі локализация деңгейін 86%-ға дейін көтеруге мүмкіндік береді.

Цифрландыру тек өндірісті ғана емес, сонымен қатар қызмет көрсетуді де қамтиды. Жаңа жабдық жаһандық техникалық қолдау көрсету желілеріне кіріктірілген, бұл қашықтан диагностика жасап, бағдарламаны баптауды қамтамасыз етеді.

— Біздің өндіріске роботтандырылған кешендер енгізілген, енді біртіндеп цифрландыруға көшудеміз. Жасанды интеллектіні қолданып, оны күнделікті жұмысқа кіріктірмекпіз, бұл бізге дамуға көмектесіп, нақтылықты, сапаны және жылдамдықты қамтамасыз етеді. Президент еңбек өнімділігін екі есеге ұлғайтуға баса мән беріп отыр, ал өндірістік қуатты күшейтіп алмай бұл мүмкін емес. Осы мақсатта мемлекет машина-трактор паркін жаңартуға қомақты қаражат бөлуде. Ендеше нарықтағы сұранысты толық қамтуға міндеттіміз: нарық тиісті сападағы өнімді талап етеді, ал біз оны қамтамасыз етуіміз керек, — деп атап өтті корпорация директоры Олег Балыбин.

Осыған дейін Премьер-министр Олжас Бектенов Минскіде «ИННОПРОМ.Беларусь» халықаралық өнеркәсіп көрмесіне аралап, «Жаңа технологиялар одағы: болашақ өнеркәсіпті құру» тақырыбындағы пленарлық сессияда сөз сөйлеген еді.