Минскіде ТМД-ға мүше мемлекеттердің пенитенциарлық қызмет басшыларының кеңесін құру мәселесі талқыланды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Беларусь астанасы Минскіде ТМД-ның Атқарушы комитеті ТМД-ға мүше мемлекеттердің пенитенциарлық қызмет басшыларының кеңесін құру туралы Келісім жобасын талқылады, деп хабарлады ҚР ІІМ қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің баспасөз қызметінен.

«Сарапшылар тобының алғашқы отырысы да өткен жылдың қарашасында Минскіде өткен. Бұл Армения, Беларусь, Қазақстан, Ресей Федерациясы, Тәжікстан өкілдері мен сарапшылары, сонымен қатар ТМД Атқарушы комитетінің қызметкерлері қатысқан екінші кездесу», - деді жиынға қатысқан ҚР ІІМ ҚАЖ Комитеті штаб-басқармасының бастығы Қайрат Мұрзашев. Жиында Келісім жобасына сәйкес, қылмыстық-атқару саясатын жүзеге асырудағы ынтымақтастықты дамытуға көңіл бөлінді. «Сонымен бірге, Келісім жобасына ТМД-ға мүше мемлекеттердің пенитенциарлық қызмет басшыларының кеңесі туралы Ереже жобасы құрылды. Бұл шара бойынша мемлекет ішіндегі үрдістер аяқталған соң аталған келісімге ТМД мүше елдердің Президенттері қол қояды деп жоспарланған», - деді Қ. Мұрзашев.