Минскіде «Ұмытылмаған есімдер» кітабының таныстырылымы болды
Дипломатиялық өкілдіктің редакциясымен басылған кітапта 1941 жылы Беларусты жаудан қорғаған қазақстандық жауынгерлердің ерлігі, партизандық қозғалыс, сондай-ақ Беларусты неміс-фашист басқыншыларынан азат ету оқиғалары баяндалады. Кітапқа сондай-ақ ұрыстарға қатысушылар мен қаза тапқан боздақтардың туыстарының естеліктері енгізілген.
Басылымда Беларус жерін азат еткені үшін Кеңес Одағының Батыры атағына ие болған 81 қазақстандықтың ерлігі туралы жазылған.
Қазақстан Республикасының Беларустағы Төтенше және Өкілетті елшісі Анатолий Смирнов 2009 жылдан бастап елшілік жүргізген іздестіру жұмыстарының нәтижесінде бұрын хабарсыз кеткен деп саналған екі мыңға жуық біздің жерлестеріміздің есімдері басылымға енгізілді.
Шарада музей басқарушысы және Беларуста тұратын қазақстандық ардагерлер сөз сөйледі. Әңгіме үстінде жастарды патриоттық тәрбиелеу ауқымында одан әрі ынтымақтастық мәселелері талқыланды.