«Минскіден ұшып келген ерлі-зайыптылар карантиндік стационарда COVID-19 ПТР-тест тапсырудан бас тартты және аштық жариялады. Олар карантиндік стационарда бір тәуліктен астам уақыт болды және түнде ПТР-тест тапсырды. Осылайша бүгін таңертең ПТР-тесттің теріс нәтижесі расталып, ерлі-зайыптылар үйіне жіберілді», - деп жауап берді Сәдуақас Байғабылов ҚазАқпарат тілшісіне.
Оның айтуынша, ерлі-зайыптыларға еш әкімшілік жаза қолданылған жоқ.
«Дегенмен, карантиндік станционарда ПТР-тест тапсырудан бас тарту үшін айыппұл түрінде әкімшілік жаза көзделген. Және айыппұл салынғаннан кейін де жолаушы ПТР-тест тапсыруға міндетті болады», - деп түсіндірді С. Байғабылов.
Сонымен бірге, ҚР ДСМ Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылау комитеті де түсініспеушілік болғанын айтты.
«Бұл адамдар – ҚР азаматтары, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары. Украинада демалып, елге келген. Қарсылықтың басты себебі – оларда ИФА-тест нәтижесі болған. Бұл дегеніміз – бес-ақ минутта саусақтан қан алып, бұрын ауырып, ауырмағаныңды, антидененің бар-жоғын ғана көрсететін тест. Оны еш жерде есепке алмайды. Мұндағы ең дәлелденген әдіс – ПТР тестілеу. Бас санитардың қаулысы бойынша бізде тек ПТР тестілеу нәтижесі болуы керек. Сол үшін түсініспеушілік туындаған. Кеше рейс жолаушыларының бірінен КВИ анықталғанын, айналасындағы жолаушылардың үй карантиніне оқшауланғанын айтып түсіндірген соң ғана, олар сағат 23.00-де тест тапсыруға келісім берді. Таңғы алтыда тест нәтижесі теріс шыққандықтан, үйіне қайтарылды», - дейді комитеттің ресми өкілі Ержан Байтана.
Еске сала кетсек, 31 қазанға қараған түні Минскіден Нұр-Сұлтанға келген екі әуе жолаушысы ПТР тестілеуден бас тартқан еді.
Талдау нәтижелері бойынша рейстегі бір жолаушыдан КВИ анықталып, қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына жеткізілді. Лабораторлық зерттеуден өткен және КВИ теріс нәтижесін көрсеткен басқа жолаушылар үйлеріне жіберілді.