«Миранда қағидаты» өміршеңдігін дәлелдеген — адвокат

АСТАНА. KAZINFORM — Республикалық адвокаттар алқасының төрағасы Мәди Мырзағараев Jibek Joly телеарнасының «Бүгін LIVE» бағдарламасында жаңа Конституцияда «Миранда қағидаты» бекітілуінің маңызын түсіндірді.

Фото: Видеодан скрин

— Басына іс түскен адамды абдырау, үрей, қорқыныш сияқты сезімдер билейтіні анық. Сол кезде келген полицей немесе басқа да күштік құрылым өкілдері оған «Біткен жерің осы, енді түрмеге қамаласың» деген сөздермен қысым көрсеткенінен гөрі, «Үнсіздік сақтауға құқығыңыз бар, өзіңізге қарсы айғақ бермеуге құқылысыз, адвокаттың көмегіне жүгіне аласыз» деп құқықтарын түсіндіргені жақсырақ. Сонда ол жердегі атмосфера да өзгеріп, азаматта сенім пайда болады. «Миранда қағидаты» өміршеңдігін дәлелдеген. Дамыған елдерде ондаған жыл бойы қолданылып келе жатыр. Қарапайым болып көрінгенмен, азаматтарға беретіні көп. «Миранда қағидаты» арқылы адамдарға құқығын түсіндірудің арқасында талай кісі өзінің құқығын, бостандығын қорғап шығуы әбден мүмкін, — деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін азаматтар ұстанатын құндылықтар Конституцияға жазылғанын жариялағанбыз.