«Мирас» қоғамдық кеңесі кезектен тыс президент сайлауын өткізу бастамасын қолдайды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін «Нұр Отан» партиясы жанындағы мәдениет пен өнерді дамыту мәселелері жөніндегі «Мирас» қоғамдық кеңесінің отырысында Қазақстан халқы Ассамблеясының кезектен тыс президенттік сайлау өткізу туралы бастамасына қолдау білдірілді.

Кеңес отырысында Ассамблея тарапынан көтерілген бастамаға қатысты әңгіме өрбіп, оның аяғы Үндеу қабылдау туралы ортақ пікірге ұласты. «Қазақстан халқы Ассамблеясының президенттк сайлау өткізу туралы бастамасы өткен аптада ғана туған жоқ, одан бұрын да әңгіме болып жүрген. Елдің өңірлерінен құшақ-құшақ хаттар келіп жатыр. Соның ішінде Ассамблея шаңырағының астындағы өзге ұлт өкілдерінің мәдени орталықтары біраздан бері осы мәселені айтып жүрген. Бұның да неше түрлі себептері баршылық. Мәселен, кезекті президент сайлауы 2016 жылы белгіленген. Ал сарапшылар әлемдік дағдарыстың шыңы да сол тұсқа тақайтынын айтып жатыр. Сонымен қатар, бір жылда екі сайлау өткізу де қисынсыз. Ендеше, біз сайлаумен айналысамыз ба, жоқ дағдарыспен айқасамыз ба?», - деді «Мирас» қоғамдық кеңесінің мүшесі Мырзатай Жолдасбеков.

Оның айтуынша, биылғы жағдайымыз жаман емес, оны кейінге қалдыратын да еш себеп жоқ, керісінше биылғы мерзім оңтайлы. «Халықтың бәрі, қоғамдық ұйымдар, жастар бастаманы қолдап отыр. Біздің «Мирас» кеңесі де осы Үндеуге қосылуы тиіс», - деді М. Жолдасбеков.

Ал кеңес мүшесі Бекболат Тілеухан кезектен тыс сайлау туралы ұсыныс жалпыхалықтық қолдауға ұласқанын айта келе, мұның қай тұрғыдан алғанда да пайдасы артық шара екенін алға тартады. «Берекенің, елдің бірлігінің арқасында біраз дүние Қазақстанның игілігіне қарай ойысып жатыр. Дегенмен, біздің еш қатысымыз болмаса да, бүкіл әлемнің басында дағдарыс ойнап тұрған кезеңде істелетін істердің бәрі жан-жаққа бұрылмай, бір тұсқа шоғырланса игі. Яғни, бейнелеп айтқанда, осындай кезеңде аттан түсіп, ердің айыл-тартпасын бекітіп, өтпелі кезеңнен өтіп кету. Ассамблея тарапынан жасалған ұсынысқа өзіміздің буынның, қауымның, жыршылар қауымының, ұлттық спортта жүрген қауымның атынан қолдау көрсеткім келеді. Бұл -азаматтық парызымыз. Шындығында, дағдарыстың қиыншылығы етектен тартып, төске өрлемей тұрғанда осы ұсынысты қолдап жіберсек, «Мирас» атынан үндеуге қосылсақ құба құп», - деді Бекболат Тілеухан.