Мирослав Беранек «Астана» футбол клубының бас бапкері болып тағайындалды

АЛМАТЫ. 5 мамыр. ҚазАқпарат - Кеше «Астана» футбол клубының ойыншыларына клуб президенті Азамат Айтхожин жаңадан тағайындалған бас бапкерді таныстырды.

Клубтың баспасөз қызметінің хабарлауынша, енді Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері, чех маманы Мирослав Баранек елордалық аяқдопшыларды да жаттықтырмақ.

2011 жылдан бастап  ұлттық құрама тізгінін ұстаған М.Баранек өз елінде ғана емес, өзге шет елдерде де бапкерлік қызмет жасаған белгілі жаттықтырушы саналады. Атап айтқанда әр жылдары Чехияда «Славия», «Кладно», «Хмель», «Брно», Венгерияда «Дебрецен», БАӘ-де «Аль-Васл» командаларын және Чехия жастар құрамасы мен Чехия ұлттық құрамасы бас бапкерінің ассистенті боп жұмыс жасады. Ол жетекшілік жасаған футболшылар  2004 жылы Еуропа чемпионатында  қола жүлдегер, ал   2002 жылы жастар арасындағы Еуропа чемпионатында  үздік атанды. Сондай-ақ клубтық деңгейде Венгрия чемпионатының  жеңімпазы және Чехия кубогының иегері болды.