Мирослав Беранек Қазақстан футбол құрамасының бас бапкері лауазымынан кетті

АСТАНА. 9 қаңтар. ҚазАқпарат - 2013 жылдың 31 желтоқсанында ҚР футбол құрамасының бас бапкері Мирослав Беранек пен Қазақстан футбол федерациясының арасындағы келісімшарттың мерзімі аяқталды.

Федерация сайтында хабарланғандай, құрамаға жаңа басшы келеді. Өз кезегінде федерация қызметкерлері, көп жылдар бойы Қазақстан аяқдопшыларын баптаған чехиялық маман М.Беранекке кестелі шапан кигізіп, шығарып салды. «Қазақстан футбол федерациясымен арамыздағы қарым-қатынас осымен тәмамдалды. Мені құрамамен жұмыс жасауға шақырғанда оны жаңа бір белес ретінде ерекше құлшыныспен қабыл алдым және сол шешімім үшін еш уақытта да өкінген емеспін. Мұнда қызмет атқарғалы бері елде талай оқиғалар өтті, бірақ біз бір команда ретінде жұмыла жұмыс істеуді тоқтатқан жоқпыз. Осы жылдар ішінде менің тәлімгерлерім одан да мықты бола түсті деп сенемін. Мен өз күш-жігерімді жұмысыма салуға тырыстым. Көптеген матчтарда біз Қазақстан құрамасын өз мүмкіндігінің ең жоғары деңгейіне шығара алдық. Біз әрқашан барымызды салып ойнадық. Болашақта қай жерде жұмыс атқармасам да, Қазақстанды жылы сезіммен еске алып отырамын», - деп атап өтті М.Беранек.