Мирзиеев пен Лукашенко «Номад» пен «Хумо» хоккей командалары арасындағы кездесуді тамашалады

Фото: Фото: Өзбекстан президентінің баспасөз қызметі

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев пен Беларусь президенті Александр Лукашенко Ташкенттегі «Хумо Арена» спорт кешенінде болды.

ӨР Президенті баспасөз қызметінің хабарлауынша, Мирзиёев пен Лукашенко Ташкенттің «Хумо» мен Астананың «Номад» хоккей командалары арасындағы кездесуді тамашалады. Ойын соңында арнайы қонақтарға аты-жөні жазылған хоккей киімдері табыс етілді.

Мұз сарайындағы бұл кездесудің терең символдық мәні бар екені хабарланды. Александр Лукашенко хоккей жанкүйері, Беларусьте бұл спорт түрін дамытуға ерекше көңіл бөледі, өзі де мұз айдынына бірнеше рет шыққан.

«Өзбекстанда қысқы спорт түрлерін, оның ішінде хоккейді дамыту бойынша үлкен жұмыстар атқарылып жатыр. 2019 жылы Мемлекет басшысының бастамасымен көпсалалы «Хумо Арена» мұз сарайы салынды. Ташкенттің «Хумо» командасы халықаралық және аймақтық жарыстарда сәтті өнер көрсетуде, әсіресе Беларусьтың Гродно қаласы «Неман» клубымен лайықты бәсекелес», – делінген хабарламада.

Айта кетейік, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеевтің шақыруымен Беларусь президенті Александр Лукашенко 7-9 ақпанда ресми сапармен Өзбекстанда болады. Сапардың негізгі шаралары ертең, 8 ақпанға жоспарланған.