Сапар аясында Шавкат Мирзиёев пен Александр Лукашенко әуелі шағын құрамда келіссөз жүргізді. Оның барысында тараптар екі мемлекет арасындағы ынтымақтастықтың сапа тұрғысынан жаңа деңгейге көтерілгенін ерекше атап өтті.
- Кейінгі бес жылда өзара тауар айналымы үш есе артып, өткен жылдың қорытындысы бойынша ол шамамен 1 млрд долларға жуықтады. 2026 жылдың басынан бері оның көлемі тағы 30%-ға ұлғайды. Қазіргі таңда 360 бірлескен кәсіпорын табысты жұмыс істеп тұр, - делінген Өзбекстан басшысының баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Енді ресми Ташкент пен Минск сауда-саттық көлемін 2 млрд долларға жеткізуге ниетті.
Шағын құрамдағы келіссөзден кейін президенттер ресми делегация мүшелерінің қатысуымен отырыс өткізді. Онда ауыл шаруашылығы, машина жасау, фармацевтика, жеңіл өнеркәсіп, жиһаз өндірісі және басқа да салалардағы жаңа кооперациялық жобаларды қамтитын іс-шаралар жоспары бекітілді.
Кездесу қорытындысы бойынша Шавкат Мирзиёев пен Александр Лукашенко Өзбекстан мен Беларусь арасында стратегиялық серіктестік орнату туралы декларацияға қол қойды. Сонымен қатар президенттердің қатысуымен 15-тен астам екіжақты құжат қабылданды.
Сапар соңында Шавкат Мирзиёев әріптесін Өзбекстанға ресми сапармен келуге шақырды.
Еске салайық, бұған дейін Өзбекстан мен Мажарстан стратегиялық әріптестік декларациясына қол қойды. Сонымен қатар осындай құжат ресми Ташкент пен Париж арасында қабылданды.