Мишлен тобы басшылығы 2009 жылы қазан айында Ресей мен басқа да посткеңестік елдерге бизнес топтың жеке аймағын бөлу жолын қарастырған еді. Соның нәтижесінде компанияның шығыс-еуропалық географиялық аймағын бөлу туралы шешімі қабылданды. Ал бұл елдер бұрын бизнес-топтың еуропалық географиялық аумағына кірген болатын.
Компания 2006 жылы Қазақстанда әлемдік деңгейдегі TYREPLUS шина орталықтарын ашу туралы өздерінің серіктестік бағдарламаларын ұсынған-ды. Сол жылы Көкшетауда шина орталығын ашып, Қазақстанда алғаш рет кәсіби шина орталықтарын дамытудың негізін қалады.
«Мишлен тобында әлем бойынша 109 мың адам қызмет етеді. Компаниямыздың былтырғы жылдық табысы 14,8 млрд. долларды құрады. Бұл көрсеткіш біздің өнімдеріміздің үлкен сұранысқа ие екендігін көрсетеді. Мишлен тобы енді Қазақстан нарығына белсене қатысады. Осы жылы Қазақстанда 4 TYREPLUS шина орталығын ашу жоспарланып отыр», деді Мишлен тобының Ресей және ТМД-дағы Бас директоры, шығыс-еуропа аймағының басшысы Эрик Фэди.
Компания өкілдерінің айтуынша, ендігі мақсат нарық ерекшеліктері мен тұтынушылар қажеттіліктеріне сай өнімдер жеткізу және Мишлен тобының шиналарын дистрибуциялауды дамыту. Ол үшін жеңіл, жол талғамайтын және үлкен жүк автокөліктеріне арналған шиналар ел нарығына шығарылады. Сонымен бірге, ауылшаруашылығы мен ірі көлемді техникаларға арналған доңғалақ шиналары да жеткізілетін болады.