Мысыр президенті Әбдел Фаттах әс-Сисидің төрағалығымен өткен Ұлттық қорғаныс кеңесі жексенбіде Сауд Арабиясының қауіпсіздігін, тұрақтылығын, аумақтық тұтастығын, ресурстары мен исламның қасиетті орындарын қорғау үшін оған қажетті әрі мүмкін болатын барлық қолдау түрін көрсету туралы шешім қабылдады.
Бұл туралы Мысыр президенті әкімшілігінің ресми өкілі хабарлады.
Шешім Каирдегі Әл-Иттихадия сарайында өткен кеңес отырысының қорытындысы бойынша қабылданды. Жиында аймақтағы жағдай, әсіресе Сауд Арабиясына жасалған шабуылдардың жиілегені талқыланды.
Мысыр тарапы корольдіктің қауіпсіздігін өз елінің ұлттық қауіпсіздігі мен жалпы араб әлемінің қауіпсіздігінің ажырамас бөлігі ретінде қарастыратынын атап өтті.
Сонымен қатар кеңес шиеленісті бәсеңдету және қазіргі дағдарыстарды бейбіт жолмен реттеу үшін аймақтық әрі халықаралық серіктестермен бірлесіп, саяси және дипломатиялық күш-жігерді жандандыру туралы шешім қабылдады.
Бұған дейін Мысыр президенті Әбдел Фаттах әс-Сиси парламентке жүгініп, Эр-Рияд тиісті өтініш жасаған жағдайда Сауд Арабиясына қорғаныс көмегін көрсету үшін әскери қызметшілер мен әскери техниканы жіберуге рұқсат беруді сұраған еді.
Reuters агенттігінің мәліметінше, парламенттегі дауыс беру бастапқыда жексенбіге жоспарланғанымен, талқылау ұзартылған. Израильдің Ynet басылымы Мысыр парламентінің депутаты Мұстафа Бакридің сөзіне сүйеніп, шешім сейсенбі, 20 қазанда қабылдануы мүмкін екенін хабарлады.
Алайда ықтимал әскери көмектің нақты қандай форматта көрсетілетіні ресми түрде жарияланған жоқ.
Мысырдың әскери сарапшысы, генерал-майор Мұхаммед аш-Шахауи Al-Masry Al-Youm басылымына берген түсініктемесінде көмек әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелерін орналастыруды, зымырандар мен ұшқышсыз аппараттардың шабуылына тойтарыс беруді, барлау деректерімен алмасуды және логистикалық қамтамасыз етуді қамтуы мүмкін екенін айтты.
Ал Ливанның Al-Akhbar газеті аты-жөні аталмаған Мысыр әскери дереккөздеріне сілтеме жасап, елдің жекелеген әскери қызметшілері бірнеше аптадан бері Сауд Арабиясының аумағында жүргенін жазды. Басылымның мәліметінше, Каир әуе шабуылына қарсы қорғаныс құралдары мен стратегиялық нысандарды қорғауға арналған бөлімшелерді қосымша орналастыру мүмкіндігін қарастырып жатыр. Бұл ретте Йемен аумағындағы шабуыл операцияларына тікелей қатысу жоспарланбаған. Алайда бұл ақпарат ресми түрде расталған жоқ.
Өз кезегінде хуситтер Мысырды ықтимал әскери араласудың салдары туралы ескертті. Қозғалыстың саяси бюросының мүшесі Мұхаммед әл-Бухейти Al-Araby телеарнасына берген сұхбатында Мысырдың 1960-жылдары Йеменде жүргізген әскери науқаны сәтсіз аяқталғанын еске салды.
— Мысыр Йеменге қарсы басқыншылыққа қатысады деп күтпейміз. Мысыр мұндай әрекетке бармайды деп сенеміз, — деді ол.
Жағдай Сауд Арабиясы қолдайтын, халықаралық деңгейде мойындалған Йемен үкіметінің күштері мен хуситтер арасындағы әскери қимылдардың қайта жандануына байланысты ушығып отыр.
Кейінгі апталарда хуситтер корольдік аумағындағы нысандарға, соның ішінде Эр-Рияд халықаралық әуежайы мен Saudi Aramco мұнай инфрақұрылымына бірқатар зымыран және ұшқышсыз аппарат шабуылдарын жасады.
Сауд Арабиясына жасалған шабуылдардан кемінде 19 адам қаза тапты. Әуе қатынасындағы шектеу мыңдаған рейске әсер етті. Сонымен қатар Йемен аумағына соққылар жалғасып жатыр. Атап айтқанда, хуситтер бақылауындағы денсаулық сақтау органдары елдің солтүстігіндегі Саада провинциясына жасалған әуе соққысынан бес бала бар тоғыз адам қаза тапқанын хабарлады.
Жағдайдың шиеленісуіне байланысты Эр-Рияд аймақтағы одақтастарымен консультацияларды жандандырды. Жексенбіде Сауд Арабиясының қорғаныс министрі Халид бин Салман Абу-Дабиге барып, БАӘ президенті Мұхаммед бин Заид Әл Нахаянмен аймақтық қауіпсіздік мәселелерін талқылады.
Бұған дейін Reuters агенттігінің хабарлауынша, Сауд Арабиясы АҚШ-тан да әскери қолдау сұраған. Алайда Вашингтон хуситтерге жасалатын соққыларға тікелей қатысудың орнына барлау көмегін ұсынған.
Мысыр мен Сауд Арабиясының әскери-саяси және экономикалық байланыстары тығыз. 2015 жылы Каир Эр-Рияд бастаған хуситтерге қарсы коалицияға қосылған еді. Дегенмен Мысырдың әскери қимылдарға тікелей қатысуы шектеулі болды.
Мысыр үшін Қызыл теңіз бен Суэц каналына апаратын теңіз жолы өтетін Баб әл-Мандеб бұғазының қауіпсіздігі де маңызды. Хуситтердің Йемен жағалауы бойымен алға жылжуы және халықаралық кеме қатынасына төнген қауіп Каирдің экономикалық мүдделеріне тікелей әсер етеді. Өйткені ел кірісінің едәуір бөлігі Суэц каналын пайдаланудан түседі.
Хуситтер неге оңтүстікке қарай жылжығанын және Сауд Арабиясы қалай жауап беруге дайындалып жатқанын мына жерден оқыңыз.