Мысыр мен Иордания палестиналықтарды қоныстандыруға қарсы

Фото: Фото: x.com/@RHCJO

АСТАНА. KAZINFORM — Каир мен Амман тәуелсіз Палестина мемлекетін құру Таяу Шығыстағы бейбітшілік пен тұрақтылықтың бірден-бір кепілі деп санайды, деп жазады Kazinform меншікті тілшісі.

Мысыр президенті Әбдел Фаттах ас-Сиси мен Иордания королі Абдалла II сейсенбі күні телефон арқылы сөйлесіп, аймақтағы оқиғаларды талқылады. Тараптар Газа секторындағы атысты тоқтату келісімінің орындалуын, оның ішінде кепілге алынғандар мен тұтқындарды айырбастау, сондай-ақ Палестина анклавы тұрғындарының гуманитарлық көмекке қол жеткізуін қамтамасыз ету мәселелерін талқылады, деп хабарлады Мысыр әкімшілігі.

Екі лидер де «Таяу Шығыста тұрақты бейбітшілік орнатуға шақыратын біртұтас араб ұстанымын сақтау қажеттігін» атап өтті.

Әңгіме АҚШ президенті Дональд Трамптың Мысыр мен Иорданияға палестиналықтарды орналастыру туралы ұсынысына қатысты кең пікірталас кезінде өтті. Оны Каир де, Амман да үзілді-кесілді қабылдамады.

Сейсенбі күні Трамп таңғаларлық мәлімдеме жасап, АҚШ-тың соғыстан зардап шеккен Газа секторын бақылауға алатынын, палестиналықтарды басқа жерге қоныстандырғаннан кейін оны экономикалық тұрғыдан дамытатынын айтты.

Король Абдалла мен президент ас-Сиси Газа секторындағы соғысты тоқтату келісімін толық орындау қажеттігін атап өтіп, анклавты тез арада қалпына келтіру қажеттігін айтты.

Олар 1967 жылғы шекарада астанасы Шығыс Иерусалим болатын тәуелсіз Палестина мемлекетін құруға шақырып, екі мемлекетті бір шешімге негізделген тұрақты бейбітшілік құруға қуаттады.

Тараптар Сирия мен Ливандағы жағдайды да талқылады.

Король Абдалла II 11 ақпанда Вашингтонға барып, Трамппен кездесуді жоспарлап отыр.

Мысыр мен Иордания басшыларының телефон арқылы сөйлесуі Мысыр, Иордания, Сауд Арабиясы, БАӘ және Қатар дипломаттарының АҚШ Мемлекеттік департаментінің Таяу Шығыс істері бюросының жоғары лауазымды қызметкері Тимоти Лендеркингпен кездесуінен кейін болды. Кездесу АҚШ әкімшілігінің жоғары лауазымды шенеуніктерімен, Ұлттық қауіпсіздік кеңесімен және Мемлекеттік департаментпен өткен бірқатар талқылаудың бөлігі болды. Онда араб елдері өз ұстанымдарын жеткізуге және оны Трамп әкімшілігі ұстанымдарымен үйлестіруге тырысты.

Соңғы күндері араб елдері палестиналықтарды Газа секторынан күштеп көшіру идеясына қарсы шығып, АҚШ-ты бұл мәселеде тең позиция ұстануға шақырды.

Осыған дейін Сауд Арабиясы Газадан палестиналықтарды ығыстыру әрекетінен бас тартатынын хабарлаған едік.