Мысыр мен Қатар Израиль мен ХАМАС-қа атысты 7 жылға тоқтатуды ұсынды
АСТАНА.KAZINFORM - Каирде көпжылдық бітімге келу және Израиль әскерін Газа секторынан толық шығаруды көздейтін атысты тоқтатудың жаңа жоспары талқыланып жатыр, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.
Мысыр мен Қатар көп жылдық бітімге келу және Израиль әскерін Газа секторынан толық шығару, сондай-ақ кепілге алынғандарды тұтқындармен айырбастау туралы жаңа ұсыныс жасады. Бұл туралы ВВС келіссөз процесінің барысымен таныс палестиналық жоғары лауазымды шенеунікке сілтеме жасап хабарлады.
Екі араб мемлекеті де Израиль мен ХАМАС арасындағы атысты тоқтату және кепілге алынғандарды босату туралы келіссөздерге делдал болып келеді.
Ұсыныс 5 жылдан 7 жылға дейін атысты тоқтатуды, соғысты ресми түрде тоқтатуды, Израиль армиясын Газа секторынан толықтай шығаруды және Израиль түрмелеріндегі палестиналық тұтқындарға айырбас ретінде барлық израильдік кепілдерді босатуды қамтиды.
Израиль әзірге делдалдардың жоспарына қатысты пікір білдірген жоқ.
Сондай-ақ ХАМАС ұйымы Газа секторын бақылауды Палестина билігіне немесе жаңадан құрылған әкімшілік органға болсын, келісілген Палестина ұйымына беруге дайын екенін білдірді. Палестина шенеунігі делдалдық күш-жігерінің маңызды екенін және топтың «бұрын-соңды болмаған икемділік» танытқанын айтты.
Қатарлық Al-Araby Al-Jadeed газетінің хабарлауынша, Израиль делегациясы жексенбі күні кешке Каирге делдалдармен келіссөздер жүргізіп, ХАМАС-пен атысты тоқтату және Газадан кепілге алынғандарды босату туралы келіссөздерде табысқа жету үшін келді.
Дүйсенбі күні делегация Мысырдың жоғары лауазымды тұлғаларымен кездесті.
ХАМАС-тың жоғары лауазымды делегациясы консультация алу үшін Каирге келуі керек еді. Израиль шабуылын жалғастырып жатқан кезде, Каир ХАМАС-пен оның саяси кеңесінің басшысы Мұхаммед Дарвиш пен оның бас келіссөзшісі Халил әл-Хайяның қатысуымен келіссөздер өткізеді.
ХАМАС Израильдің атысты тоқтату туралы өткен аптадағы ұсынысын қабылдамады, бірақ соғысты тоқтатуды қамтитын кеңірек келісімді талқылауға дайын екенін мәлімдеді.
Сенбі күні Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху ХАМАС жойылмайынша және барлық кепілге алынғандар қайтарылмайынша, соғысты тоқтатпайтынын мәлімдеді. ХАМАС Израильден кепілге алынғандар босатылғанға дейін соғысты тоқтатуды талап етті.
Израиль қорғаныс министрі Исраэль Кац өткен аптада Израиль армиясының Газа секторында, Ливанда және Сирияда құрған қауіпсіздік аймақтарында қалатынын айтты.