Мысыр мумиясынан Гомердің «Илиадасы» табылды

Фото: AP Photo

АСТАНА. KAZINFORM — Испания мен Мысырдың бірлескен археологиялық миссиясы Оксиринх аумағында алтын жапсырмалармен және папирустармен безендірілген мумиялардан тұратын жерлеу кешенін тапты. Сол папирустардың бірінде Илиада поэмасынан үзінді бар, деп жазды Euronews агенттігі.

Қазба жұмыстарын Барселона университеті мен Ежелгі Таяу Шығыс институты жүргізген. Зерттеу нысаны — Каирден шамамен 190 шақырым оңтүстікте орналасқан ежелгі Оксиринх қаласы.

Археологтар ерекше олжаға тап болды: мумиялардың бірінің ішінен папирусқа жазылған мәтін табылған. Онда Гомерға телінетін «Илиада» поэмасының екінші жырынан үзінді сақталған.

Бұл олжа «65-қабір» деп аталатын жер асты қорымынан табылған. Ежелгі заманда тоналғанына қарамастан, онда жерлеу рәсіміне қатысты көптеген құнды заттар жақсы сақталған.

Экспедиция жетекшілері — Майте Маскорт және Эстер Понс Мелладо — геометриялық өрнектермен безендірілген, түсі әлі де сақталған мумия орамаларын, түрлі түске боялған ағаш саркофагтарды және металл бұйымдарды тіркеген. Олардың қатарында жұқа алтын жапырақшалар мен мыс бөлігі бар. Бұл заттар марқұмды о дүниеге шығарып салуға арналған ежелгі грек-римдік жерлеу дәстүрінің бір бөлігі болған.

Ең ерекше жаңалық — мумия ішінен табылған папирус. Онда «Кемелер тізімі» деп аталатын бөлім бар, бұл — Трояға аттанған грек әскерлерінің тізімі берілген поэманың маңызды бөлігі.

Мысырдың туризм және көне жәдігерлер министрі Шериф Фатхи бұл жаңалық Аль-Минья өңірінің бай археологиялық тарихын толықтыра түсетінін айтты. Ал Ежелгі ескерткіштер жөніндегі жоғарғы кеңестің бас хатшысы Хешам Аль-Лейзи бұл орын грек-рим кезеңіндегі жерлеу дәстүрлері туралы жаңа мәлімет беретінін атап өтті.

Қазбаға қатысқан Каир университеті профессоры Хасан Амердің айтуынша, бұл қорым ежелгі мысырлық жерлеу дәстүрлерінің эллиндік және римдік ықпалмен қалай ұштасқанын көрсетеді.

Бұл жаңалық Оксиринхтың Птолемейлер дәуірі мен Рим империясы кезеңіндегі ең маңызды археологиялық және жазба мұра орталықтарының бірі болғанын тағы да дәлелдейді.

Еске сала кетейік, бұған дейін Ыстықкөлдің түбінен Атлантидаға ұқсас көне қала табылған еді.