Мысыр президенті Газа секторындағы бейбіт тұрғындарды Израильдегі шөлге көшіруді ұсынды

Мысыр президенті Абдель Фаттах әл-Сисидің шамалауынша, Израиль мен ХАМАС арасындағы қазіргі қақтығыс кезінде Газа секторынан кетуге мәжбүр болған палестиналық бейбіт тұрғындарды Израильдің шөлді аймақтарына орналастыруға болады. Kazinform aгенттігі бұл туралы CNN-ге сілтеме жасап хабарлайды.

Фото:TPS

Ас-Сиси мен Германия канцлері Олаф Шольц сәрсенбі күні Каирде бірлескен баспасөз мәслихатын өткізді.

«Мен Израильге ХАМАС және басқа да исламшыл жасақтармен қақтығыс кезінде палестиналық бейбіт тұрғындарды Израильдегі Накаб шөліне көшіруді ұсынар едім», - деді президент Ас-Сиси баспасөз мәслихатында.

Накабты Негев шөлі деп те атайды.

Ол Мысыр қазіргі уақытта 8,5 млн босқынды қабылдап отырғанын және одан да көбін орналастыра алмайтынын баса айтып, сонымен бірге Мысырға палестиналықтардың көп келуіне байланысты ықтимал қауіпсіздік қауіптеріне алаңдаушылығын білдірді.

«Егер біз палестиналықтардың шекарадан көптеп өтуіне рұқсат етсек, Израильге қарсы лаңкестік операциялар орын алуы және Израиль оған жауап қайтаруы мүмкін», - деді Ас-Сиси.

Мысыр басшысы бейбіт тұрғындардың өлтірілуін айыптап, араб мемлекеттері арасында Палестина ісінің маңыздылығын атап өтті.

"Газа секторындағы Әл-Ахли ауруханасында жүздеген адамның өмірін қиған жарылыстан кейін президент Абдель Фаттах Ас-Сиси бүкіл Мысырда үш тәулікті аза тұту күні деп жариялады" делінген Мысыр президентінің кеңсесі сәрсенбі күні таратқан мәлімдемеде.

Сейсенбі күні таңертең Иордания королі Абдалла II палестиналықтардың Иордания мен Мысырға көшуі «қызыл сызық» екенін ескертіп, Иорданияда да, Мысырда да жаңа босқындар болмайтынын баса айтты.