Мысыр шөлінен Византия дәуіріне жататын қала табылды

АСТАНА. KAZINFORM — Мысырдың батыс шөліндегі Дахла оазисі аумағында археологтер Византия дәуіріне жататын қаланы тапты. Қазба жұмыстары барысында IV ғасырдағы тұрғын кварталдар, діни ғимарат, екі күзет мұнарасы, қорғаныс қабырғалары және қабылдау залдары мен күмбезді шатырлары бар тұрғын үйлер анықталды, деп жазады БелТА .

Фото: youm7.com

Мысырдың жоғары көне ескерткіштер кеңесінің бас хатшысы Хишам әл-Лейтинің айтуынша, табылған кварталдарда солтүстіктен оңтүстікке созылып, шығыстан батысқа қарай қиылысатын көшелер болған. Олар ашық алаңдар мен қоғамдық кеңістіктерді қалыптастырған. Қаланың жоғары бөлігінде IV ғасырдың ортасына жататын діни ғимарат орналасқан. Сондай-ақ елді мекеннің шеткі бөлігін күзеткен екі мұнараның қалдықтары мен қалың қорғаныс қабырғалары бар бекініс құрылыстары табылған.

Табылған заттардың арасында нан пісіретін пештер, ас үй ыдыстары, астық ұнтақтауға арналған тас құралдар, Рим императоры II Констанцийдің билігі кезіндегі қола және алтын тиындар бар. Археологтар сонымен қатар сауда жазбаларын қоса алғанда, шамамен жазуы бар 200 қыш сынықтарын тапты. IV ғасырдың екінші жартысына жататын шіркеудегі діни қызметкердің көмекшісі Тисудың үйі ерекше қызығушылық тудырады. Ол қала базиликасы салынғанға дейін үй шіркеуі ретінде қызмет еткен деп есептеледі.

Мысырдың Туризм және көне ескерткіштер министрлігі бұл жаңалық Мысыр Византия империясы кезеңінде болған дәуірдегі күнделікті өмір, қалалардың дамуы мен экономикалық қызметі туралы тың мәліметтер беретінін мәлімдеді.

Сонымен қатар Марина-эль-Аламейн археологиялық кешенінен тағы 18 көне қабір табылып, бұл аумақтағы анықталған қабірлердің жалпы саны 48-ге жетті. Қазба кезінде тереңдігі шамамен 8 метр болатын жартасқа қашалған 11 қабір мен әктастан салынған 7 жерүсті қабірі анықталды. Археологтар қыш құмыралар, амфоралар, шамдар, табақтар, құрбандық үстелдері және әктастан жасалған тостағандарды тапты.

Ең құнды олжалардың қатарында ұзындығы 2,5 метр болатын гранит саркофаг пен оның ішіндегі адам сүйегі, сондай-ақ гипстен жасалған сфинкс мүсіні бар.

Марина-эль-Аламейн археологиялық ескерткіші 1986 жылы табылған. Зерттеушілердің пікірінше, бұл жер Жерорта теңізі жағалауындағы II ғасырда негізі қаланып, IV ғасырға дейін гүлденген ежелгі грек-римдік Левкаспис порт қаласының орны болуы мүмкін.

Айта кетейік, жыл басында Қытай мен Өзбекстан археологтері Кува қалашығы қабырғаларының қалдықтарын тапты.