Мысыр Трамптың Газа тұрғындарын көшірмеу туралы шешімін жақтады
АСТАНА.KAZINFORM - Бұған дейін АҚШ президенті Палестина анклавы тұрғындарын оның шекарасынан тыс жерлерге көшіру мүмкіндігін қарастырған болатын.
Бейсенбі күні Каир АҚШ президенті Дональд Трамптың газалықтардың анклавтан кетуін талап етпейтіні туралы сөзін жоғары бағалайтынын мәлімдеді. Бұл туралы Мысыр Сыртқы істер министрлігінің мәлімдемесінде айтылған.
Трамп сәрсенбі күні Ирландияның премьер-министрі Майкл Мартинмен Ақ үйде кездесуде сұраққа жауап беріп: «Ешкім палестиналықтарды Газадан қуып жатқан жоқ», - деді.
ХАМАС өкілі Хазем Касем де Трамптың сөзін құптап, оны «оңшыл сионистердің» көзқарасына қосылудан бас тартуға шақырды.
- Егер Трамп мәлімдемесі Газа секторының тұрғындарын көшіру туралы кез келген идеядан бас тартуды білдірсе, онда оғы құптауға болады, - деді Касем.
Ақпан айында Трамп АҚШ-қа Газа секторын бақылауға алуды, палестиналықтарды біржола қуып шығуды және анклавты «Таяу Шығыстағы Ривьераға» айналдыруды ұсынды. Қоныс аудару орындары ретінде Иордания мен Египет ұсынылды. Бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, бүгінге дейін Трамп сектор тұрғындарын қоныстандыру мүмкіндігін жоққа шығармаған.
Сонымен қатар сәрсенбі күні Катар астанасында келіссөздер өтіп, онда араб елдерінің сыртқы істер министрлері АҚШ-тың Таяу Шығыстағы арнайы өкілі Стивен Уиткоффпен Египеттің Газа секторын соғыстан кейінгі басқару жоспарына қатысты консультацияларды жалғастыруға келісті.
Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері, Қатар, Мысыр және Иорданияның сыртқы істер министрлерімен келіссөзге Палестина президентінің бас көмекшісі Хусейн әл-Шейх те қосылды.
Дохадағы келіссөздерден кейін Уиткофф Ресейге бет алды. Мәскеу Джиддадағы украин-америка кездесулерінен кейін Украина бойынша келіссөздерге дайын екенін білдірді.
Айта кетейік, Араб саммиті Мысырдың Газа секторы бойынша жоспарын қолдады.