Мысыр виза бағасының өсуі туралы қауесеттерді жоққа шығарды

Фото: АЗЕРТАДЖ

АСТАНА. KAZINFORM — БАҚ-та тараған Мысыр визасының құны 25 доллардан 45 долларға дейін өседі деген ақпарат жалған. Бұл туралы Мысырдың Туризм және ескерткіштер министрлігі хабарлады.

Ведомство мәліметінше, елге кіру визасының ақысын көтеру туралы таратылып жатқан ақпарат мүлдем шындыққа жанаспайды және бұл мәселе бойынша ешқандай атқарушы шешімдер қабылданған жоқ. 

— Қазіргі кезде визалық алымды көтеру туралы емес, ең жоғары ақыны белгілеу туралы шешім қабылданды, — делінген мәлімдемеде.

Министрлік визаларға немесе басқа да мәселелерге қатысты кез келген ақпарат тек тиісті мемлекеттік органдардың ресми мәлімдемелері арқылы жарияланатынын атап өтті. Осыған байланысты ведомство барлық БАҚ және әлеуметтік желі пайдаланушыларын осы мәселе бойынша кез келген ақпаратты таратпас бұрын ресми дереккөздерге жүгінуге шақырады.

Бұған дейін ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Еуропаға виза режимін жеңілдету бойынша келіссөздің алғашқы раундты қалай өткенін айтып бергенін жазған болатынбыз. 

Қазақстандықтар қай елдерге визасыз бара алатынын мына материалдан оқи аласыз. 

Сондай-ақ ҚР Сыртқы істер министрлігі Қазақстан азаматтарының Мысыр, Латвия, Мексика және Ресейге кіруінің жаңартылған шартын жариялағанын жаздық.