Мысырда ежелгі копт монастырының бөлмелері табылды
АСТАНА. KAZINFORM – Мысырдың солтүстігіндегі Бехейра провинциясындағы әл-Калайя археологиялық нысанында жергілікті археологтар ғалымдардың болжамынша біздің дәуіріміздің V ғасырына жататын копт монастырь кешенінің бөлмелерін тапты. Бұл туралы Daily News Egypt басылымы хабарлады.
Табылған ғимарат 13 бөлмеден тұрады. Олардың қатарында монахтардыың жеке бөлмелері, ортақ тұрғын аймақтар және оқу бөлмелері бар. Ғимараттың солтүстік бөлігінде тастан әсемделген орындықтары бар кең зал орналасқан. Зерттеушілердің пікірінше, бұл орын қонақтарды қабылдау үшін пайдаланылған болуы мүмкін. Ғимараттың ортасында арнайы құлшылық етуге арналған аймақ анықталған, мұнда қабырғада әктас материалынан жасалған крест сақталған.
Мысырдың Жоғары көне жәдігерлер кеңесінің бас хатшысы доктор Хишам Эль-Лейти бұл олжа ежелгі монастырь сәулеті мен сол кезеңдегі тұрмыс-тіршілік туралы маңызды мәліметтер беретінін атап өтті.
Археологтар сонымен қатар ежелгі копт бейнелеу өнерінің іздерін де анықтады. Атап айтқанда, монахтардың бейнесі салынған қабырға суреттері және өсімдік өрнектерімен көмкерілген екі қарақұйрық бейнеленген фреска табылған.
Экспедиция жетекшісі Самир Ризк Абдель Хафездің айтуынша, қазба жұмыстары барысында биіктігі екі метрлік мәрмәр бағана, бағаналардың капительдері мен тұғырлары, қыш ыдыстар және көптеген остракондар табылған. Остракондар — ежелгі дәуірде жазуға пайдаланылған керамика сынықтары. Олардың кейбіріне копт әріптері жазылса, кейбірі геометриялық және гүлді өрнектермен безендірілген.
Ең назар аударарлық олжалардың бірі — копт жазуы қашалған тікбұрышты әктас тақта. Ғалымдардың пайымынша, бұл жерлеу стеласы болуы мүмкін.
Қазба орнынан сондай-ақ жануарлар мен құстардың сүйектері, теңіз қабыршақтарының сынықтары табылды. Бұл монахтардың тамақтану рационы туралы мәлімет береді.
Әл-Калайя ежелгі монастырь кешені христиан монастырь тарихындағы көлемі жағынан екінші ірі кешен саналады. Бұл аумақта қазба жұмыстары 2023 жылдан бері жүргізіліп келеді.
Айта кетейік, наурыз айының басында археологтер Мысырда Ежелгі патшалық дәуіріне тиесілі қабірлерді тапты.