Мысырда II Тутмостың қабірі анықталды

Фото: Фото: Ministery of Tourism and Antiquities Facebook-тегі парақшасы

АСТАНА. KAZINFORM — Бұл 1922 жылы Тутанхамонның қабірі анықталғалы табылған алғашқы мысырлық патша қабірі, деп хабарлайды CBS News

Мысыр билігі сейсенбі күні б. з. д. шамамен 1550-1292 жылдары билік еткен Ежелгі Мысырдың XVIII әулеті билеушілерінің жоғалған бейіттерінің соңғысы — перғауын II Тутмостың қабірі анықталғанын жариялады.

II Тутмостың қабірін мысырлық-британдық бірлескен археологиялық миссия анықтаған.

Зерттеушілер тобы мен Мысырдың Туризм және көне жәдігерлер министрлігінің мәліметінше, бұрын тек № C4 деген атпен белгілі болған қабір қазбалары оның II Тутмосқа тиесілі екенін көз жеткізетін дәлелдер тапты.

Ғимаратқа кіреберіс пен негізгі жол 2022 жылы анықталған, содан кейін ішкі қазбалар жүргізілген. 

Мысырдың Көнеліктер жөніндегі Жоғарғы кеңесінің бас хатшысы Мұхаммед Исмаил Халедтің баяндауынша, миссия үш жыл бұрын кіреберісті алғашында тапқан кезде, зерттеушілер оны патша әйелдерінің біріне тиесілі болуы мүмкін деп болжаған.

Қазбалар мен артефактілерді зерттеу жұмыстарын жалғастыру кезінде миссия жұмбақ қабірдің ІІ Тутмосқа тиесілі екенін көрсететін жаңа дәлелдер тапты. Сондай-ақ оның жерлеу рәсімін әйелі мен әпкесі Хатшепсут өткізген деп шамаланып отыр.

Халедтің айтуынша, қирандылардан табылған алебастр ыдыстарының бөліктерінде король II Тутмостың, сондай-ақ Хатшепсуттың есімі жазылған жазулар бар.

Халед бұл жаңалықты соңғы жылдардағы ең маңызды археологиялық оқиғалардың бірі деп атады. Табылған жәдігерлер бұл аймақтың тарихы мен ІІ Тутмос патшалығы туралы білімге құнды қосымша болды.

Бұған дейін хабарланғандай, Араб елдері лигасының Палестина жөніндегі саммиті Мысырда өтеді.