Мысырда мерт болған қазақстандық әйелдің жақындарына өтемақы төленеді

Фото: Фото: Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Марқұмның мүрдесі елімізге бүгін жеткізіледі. Бұл туралы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров мәлім етті.

- Марқұмның мәйітін бүгін барлық рәсімнен кейін жіберу жоспарланып отыр. Менің білуімше, шығын Мысыр тарапы есебінен жүзеге асырылады. Моральдық өтемақы мәселесі де шешілген. Сонымен қатар, сол сапарға жауапты қазақстандық сақтандыру компаниясы да іске қосылды, - деді Әлібек Қуантыров Мәжіліс қабырғасында БАҚ өкілдерінің сауалына жауап бере тұрып. 

Оның айтуынша, оқыс оқиғадан зардап шеккен екі қазақстандық азамат бүгінде елге оралды.

- Мысырдың азаматтық авиация министрі бұл мәселені жеке бақылауында ұстап отыр, сол күні-ақ арнайы комиссия жіберілді, біздің консулдық тарапынан да көмек көрсетіліп жатыр, мәселе үнемі назарымызда, – деп қосты А. Қуантыров.

Бұған дейін Мысырда мерт болған Қазақстан азаматының мүрдесі елге жеткізілетіні туралы хабарлаған едік. 

18 мамырда Шарм-эш-Шейх әуежайында рейсті күтіп тұрған жолаушылар тұрған аумақта жарнама тақтасы құлады. Оқиғаның салдарынан қазақстандық әйел мерт болды, тағы екі отандасымыз жарақат алды

Оқиға туралы ақпарат бірден прокуратура органдарына жолданды. Ресми түрде қылмыстық тергеу басталды. Әуежай әкімшілігі мен жарнама агенттігінің өкілдері жан-жақты және ашық тергеу жүруі үшін құқық қорғау органдарымен ынтымақтаса іске атсалысып жатыр.

Ал кеше Ақмарал Мұқанованың жан құрбысы Венера Искакова марқұмның мүрдесін елге, Ақтөбе қаласына жеткізу үшін көмек сұраған еді.