Мысырда парламент сайлауының екінші кезеңі өтіп жатыр

Фото: Anadolu

АСТАНА. KAZINFORM – Елде парламентке дауыс беру кезең-кезеңімен жалғасып отыр, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі. 

Дүйсенбіде Мысырда парламенттің төменгі палатасы – Өкілдер палатасына сайлаудың екінші кезеңі басталды.

Ұлттық сайлау комиссиясының мәліметінше, сайлаудың екінші кезеңі 24-25 қараша күндері Мысырдың 27 провинциясының 13-інде: Каир, Калюбия, Дакахлия, Менуфия, Гарбия, Кафр-эль-Шейх, Шаркия, Дамиетта, Порт-Саид, Исмаилия, Суэц, Солтүстік Синай және Оңтүстік Синайда өтеді. 

Бұл кезеңде 34,6 млн мысырлық дауыс беруге құқылы екені хабарланды. Олардың қатысуын ұйымдастыру үшін 73 сайлау округі және 5287 кіші комитет құрылды.

Сайлауға мажоритарлық жүйе бойынша 1316 кандидат және пропорционалды сайлау округтерінде ұсынылған бір партиялық тізім қатысады. Төменгі палатада барлығы 568 орын бар, оның жартысы тәуелсіз кандидаттар арасында, ал екінші жартысы саяси партиялар арасында үлестіріледі. Құрамның тағы 5 пайызын, яғни 28 депутатты президент тағайындайды.

Президент Әбдел Фаттах ас-Сиси дүйсенбі күні Каирдің шығысындағы Гелиополистегі сайлау учаскесінде дауыс берді. 

Мысырдың Ұлттық сайлау комиссиясы процесс ашықтығын қамтамасыз ету және сайлаушылар еркінің дәл көрсету міндеттемесін атап өтті.

Бірінші кезең қалай аяқталды? 

10-11 қарашада өткен дауыс берудің бірінші кезеңінің қорытындысы бойынша Мысыр Ұлттық сайлау комиссиясы 70 жеке кандидаттың 42-сінің жеңісін растады. 

Осы арада комиссия бірінші кезеңде тіркелген заңсыздықтарға байланысты 19 сайлау округіндегі бірінші турдың қорытындыларын жарамсыз деп тану туралы шешім қабылдады. Жеті губернаторлықтағы 19 сайлау округін қамтитын бірінші турдың қайталануы 3-4 желтоқсанға белгіленген. 

Бірінші кезеңнің кейбір қорытындыларын жою туралы шешім ас-Сиси 2014 жылы билікке келгеннен бері осындай алғашқы жағдай болды. Бұл шешім Гиза мен Александрияны қоса алғанда, 14 губернаторлықтағы заңсыздықтар туралы хабарламалардан кейін қабылданды. 
Әбдел-Фаттах ас-Сиси билік органдарына әсіресе шиеленісті сайлау округтерінде оқиғалар туралы хабарламаларды қарастырған кезде аса сақ болуды тапсырып, «сайлаушылардың шынайы еркін» көрсететін шешімдер қабылдау қажеттілігін атап өтті.

Жергілікті БАҚ хабарлауынша, бірқатар сайлаушылар бұл қайта қарауды құптап, оны «дауыс берудің құндылығын» растау және болашақ парламенттің заңдылығын қамтамасыз ету қажеттілігі деп атады. 

Қазіргі парламенттік науқан тамыз айында өткен парламенттің жоғарғы палатасы – Сенатқа сайлаудан кейін үш айдан кейін өтіп жатыр. 

Екі палата – төменгі палата да, Сенат та бес жылдық мерзімге сайланады.

Бұған дейін Мысырда 10-11 қарашада парламенттік сайлаудың алғашқы кезеңі басталғанын жазған болатынбыз.