Мысыр Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, зардап шеккен 45 адам ауруханадан шығарылған. Тағы жеті науқастың жағдайы жақсаруына байланысты медициналық мекемелерден шығуға дайындалып жатыр.
Апат 8 қараша күні таңертең Эль-Айят қаласының маңында болған. Гизадан Фаюмға бағыт алған жолаушылар пойызы Каирден Асуанға бара жатқан екінші пойыздың артқы бөлігіне соғылған. Соқтығыс салдарынан бірнеше вагон рельстен шығып кеткен.
Мысыр президенті Абдель Фаттах әс-Сиси қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтып, апаттың мән-жайын тергеуді тапсырды. Сондай-ақ мемлекет басшысы қайғылы оқиғаға себеп болған салғырттыққа жол бергендердің барлығын жауапқа тартуды талап етті.
Оқиға орнында медициналық қызметтер, Мысыр Қызыл Жарты ай қоғамының қызметкерлері және елдің Бас прокуратурасы жұмыс істеп жатыр.
Бұған дейін Мысырдың Masrawy ақпараттық порталы апаттан кемінде 150 адам зардап шеккен болуы мүмкін екенін хабарлаған еді. Кейін Мысыр Денсаулық сақтау министрлігі төрт адамның қаза тауып, 88 адамның жарақат алғанын мәлімдеді. Енді ведомство қаза тапқандар мен зардап шеккендер туралы мәліметті тағы да жаңартты.